Соңғы жаңалықтар

Серікжан Мужиков: «Маккабиден» алдағы екі ойында көбірек ұпай алу үшін қарсыласты өте мұқият зерттедік

«Астана» клубын дәл қазір шабуылдаушы жартылай қорғаушы Серікжан Мужиковсыз елестету қиын. Жүрісі жылдам, қимылы шапшаң жартылай қорғаушы тек ұтымды шабуыл ұйымдастырып қана қоймай, қара жұмыстың ортасынан да табыла біледі. Үнемі алға ұмтылып, қарсыластарына қысым жасап, 90 минут бойы ойын дәрежесін ұстап тұрады. «Астана» сапындағы ең үздік футболшы саналған Мужиковтың УЕФА Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі «Астана» — «Маккаби» (Тель-Авив, Израиль) матчы алдындағы сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

— Серікжан, Еуропа лигасында біздің топта 2 ойын өтті. Бірақ «Астана» әлі жеңіс дәмін сезінбеді. Бұл немен байланысты?

— Еуропа лигасының топтық кезеңінде әлсіз қарсыластар болмайды және бұл жай айтылған сөз емес. «Вильярреал» мен «Славияның» деңгейін өздеріңіз көрдіңіздер. Екі команда да өте жақсы дайындалып, күшті құраммен жасақталған. Испанияда ұпай ала алмағанымызға, ал чехиялықтармен өткен ойында жеңіске жетпегенімізге біз де өкініп отырмыз. Меніңше, бұған себеп, қажетті қосалқы құрамның жоқтығы. Жарақаттың салдарынан негізгі құрамның 2-3 ойыншы қатардан шығып қалған кезде бізде кадрлық мәселелер басталады. Клянхайслер, Граховац, Аничич пен Деспотовичтің жарақаттары командаға өте ауыр соққы болды. Оған қоса, Испанияда біз бірнеше қателіктер жібердік және оны қарсылас команда дер кезінде пайдаланып кетті.

— Өз алаңымыздағы «Славиямен» өткен ойында алаңға қарсыласты бағаламай шықтыңыздар ма? Қанша дегенмен чехиялық команда «Вильярреалға» қарағанда әлсіздеу болатын және «Астана» прагалықтарды оңай жеңеміз деп үміттенген сияқты.

— Қарсыласты менсінбеу, бағаламау деген мүлдем болған жоқ. Біз «Славияның» мықты қарсылас екенін білеміз. 2016 жылғы футболдан Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан құрамасы сырт алаңда Чехиямен ойнағаны баршаның есінде болар. Сол матчта біздің қарсыластарымыздың («Славия») ойыншысы Милан Шкода қақпамызға екі гол соғып, өз командасына жеңіс алып келді. Міне, сол Шкода қазір «Славияның» қосалқы құрамында отыр. «Славия» ойыншылары екі командаға бөлінеді. Прагалықтар құрамды үнемі тыныққан, өз қалпына келген ойыншылармен алмастырып отырады, сонымен қатар ойыншыларды алмастыру арқылы ойын алаңындағы тактикалық картинаны да өзгертуге тырысады. «Вильярреалмен» бірге «Славия» да біздің топтағы фаворит.

— Егер Астана «Маккабиді» жеңбесе, біздің команданың Еуропа лигасының көктемгі кезеңіне өту мүмкіндігі бірден төмендеп кетпек…

— … Сол себепті, бұл ойында біз тек жеңіске жету үшін барымызды салып ойнаймыз. Біз қолымыздан келгеннің барылығын жасап, жанкүйерлерімізді қуанту үшін жеңіске жетуге тырысамыз.

— «Астананың» «Маккаби» командасымен қатарынан екі ойын өткізуі топтағы күрестің стратегиясына әсер етеді деп есептеуге бола ма?

— Әрине. Біз әрбір ойынға жауапкершілікпен қараймыз. Жақын екі аптаның ішінде қарсыластарымыздың ойынына талдау жасап, «Маккабиден» барынша көбірек ұпай алу үшін команданың әлсіз және мықты тұстарын қарап, саралап көрдік. Қалғанын ойын көрсететін болады.

— Тель-Авивтің «Маккабиі» туралы қандай ақпарат білесіз?

— «Маккаби» — Изарилдің ең танымал және ең мықты командаларының бірі. 110 жылдық тарихы бар қарсыласымыз 23 рет ел чемпионатын жеңіп алса, дәл сондай көрсеткішпен мемлекет кубогын иеленген екен. Сондай-ақ былтырғы Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде алматылық «Қайратпен» ойнап, екі ойын қорытындысы бойынша басым түскенін білемін. Әр жылдары «Маккаби» сапында ресейлік танымал жұлдыздар Алексей Косолапов пен Андрей Тихонов доп тепкен. Тихоновтың біздің командада ойынағаны жанкүйерлердің есінде шығар.

— «Маккабидің» қай футболшысын ерекше атап өтуге болады?

— «Маккабиде» жұлдызды ойыншылар жоқтың қасы деп айтса болады. «Қайрат» клубына қарсы өткен ойында алаңға шыққан клуб пен израилдің аңыз футболшысы Йосси Бенаюн қазір клубта жоқ. Оның Ұлттық құрамада өткізген ойын саны бойынша рекордсмен екенін білемін. Болгариялық футболшы Егор Филипенконың қорғаныста және шабуылда ерекше ойнайтынына тоқталып өтуге болады. Оларда Предраг Райкович деген тамаша сербиялық қақпашысы бар. Өз заманында «Челси» және «Манчестер Сити» секілді клубтарда ойынған қорғаушы Таль бен Хаим бар. Сондай-ақ біздің Аничич пен Граховац жақсы танитын босниялық Тино-Свен Сушич секілді тамаша жартылай қорғаушылары бар. Жалпы айтқанда, «Маккабидің» құрамы әлсіз емес. Тәжірибелі және талантты жас ойыншылары көп. Кезінде «Барселона» мен «Манчестер Юнайтед» сапында доп тепкен Хорди Кройф бүгінде «Маккабиді» жаттықтырып жүргені көп нәрсені аңғартса керек.

Пікір жазу

Пікір жазу

Сіздің e-mail жарияланбайды. * толтыру міндетті орындар.

Соңғы жаңалықтар