Бокс

Бекман Сойлыбаев: Альвареске Головкиннің жойқын соққыларына шыдау қиын болады

diamondring.kz

Екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC International чемпиондық белбеуінің иегері Бекман Сойлыбаев 17 қыркүйек күні таңертең өтетін Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы айқасқа өз болжамын жасады, — деп хабарлайды  QSport.kz  порталы.

Бекманның пікірінше, алдағы айқас көктемде өткен Головкин мен Джейкобстың жекпе-жегіне мүлдем ұқсамайды. Естеріңізге сала кетсек, наурыздың соңында өткен сол кездесуде жерлесіміз Джейбосты тек төрешілердің шешімі бойынша жеңген болатын.

– Бұл жекпе-жектерді бір-бірімен салыстырудың мүлдем қажеті жоқ. Өйткені ертеңгі айқас көктемдегі кездесуге мүлдем ұқсамайды. Ол кезде Джейкобстың бойы да, қолы да ұзын болатын. Головкинмен салыстырғанда біршама ауыр екені денесінен-ақ көрініп тұрды. Сондықтан Геннадийді жақындатпай, үнемі арақашықтықты сақтап отырды. Ал Альварес ондай емес. Керек болса, төбелесіп кетеді. Алға шабуылдаудан қорықпайды. Головкинге де керегі осы. Меніңше, «Канелоның» жұдырықтасу мәнері жерлесімізге жақсы. Оның үстіне ол біздің боксшыға қарағанда аса ірі де емес. Бұл бүкіл әлем көз тігетін тамаша айқас болады, –деді Бекман Сойлыбаев Diamond Ring сайтына берген сұхбатында.

Diamond Ring өкілінің болжауынша, Геннадий Головкин соңғы раундтарда қарсыласын нокаутқа түсіруі тиіс. Дегенмен жекпе-жектің толық өтуі мүмкін екендігін де жасырмайды. Ал мұндай жағдайда соңғы раундтарда кім тың қимылдаса, жеңіс соған берілетінін айтты.

– Мен екеуінің де соңғы жекпе-жектерін көрдім. Шынын айтсам, «Канело» мен Чавес арасындағы айқас мүлдем ұнаған жоқ, – деп жалғастырды Сойлыбаев. – Мексикалық екі мықтының жекпе-жегін тамашалаймыз деп ойлаған едік, алайда ақша үшін шаршы алаңға шыққан боксшылардың жай ғана спаррингтік кездесуіне куә болдық. Дегенмен Головкинге қарсы мұндай «спектакль» өтпейді. Мен тіпті Triple G Альваресті соңғы раундтарда нокаутпен жеңеді деп бәс тігіп отырмын. Мексикалық боксшының жұдырықтасу мәнері Головкинге өте ыңғайлы. Ол Джейкобс емес. Америкалық өзінің бойшаңдығы мен физикалық әлеуетінің арқасында 12 раундқа шыдаған болатын. Ал Канелоның бойы да пәс және техникалық арсеналы да Геннадиймен салыстыруға келмейді. Бірақ егер жекпе-жек соңына дейін өтер болса, онда төрешілер соңғы раундтарда тың болған боксшыға жеңісті береді деп ойлаймын.

Естеріңізге сала кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің айқасы ертең, яғни 17 қыркүйек күні таңертең АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді. Ал Бекман Сойлыбаев өзінің келесі жекпе-жегін 13 қазан күні Лос-Анджелесте өткізеді деп жоспарлап отыр. Қарсыласы алдағы аптада анықталып қалуы тиіс.

Пікір жазу

Пікір жазу

Сіздің e-mail жарияланбайды. * толтыру міндетті орындар.

Бокс