Бокс

Қанат Ислам алдағы жоспарларымен бөлісті

QAZAQ алдағы жоспарлары мен қарсыласы Брэндон Куктың әлеуеті жайлы айтып берді

Жеңіс Ысқабай

Қанат Ислам 24.кз телеарнасына сұхбат беріп, болашақ жоспарларымен бөлісті, – деп хабарлайды  QSport.kz  порталы.

Астана қаласында бокс кешін өткізіп, 25-жеңісіне қол жеткізген QAZAQ алдағы жоспарлары мен қарсыласы Брэндон Куктың әлеуеті жайлы айтып берді.

Қанат Ислам: «Жекпе-жекке дайындығым өте жақсы болды. Қазақ елі менен нокаут күтті. Өйткені Алматыдағы жекпе-жегімде нокаутты көре алмаған еді. Мен де қарсыласымды 1 раундта-ақ нокаутқа түсіргім келеді, алайда алдыңдағы тұрған қапшық емес, өзің сияқты жатпай-тұрмай дайындалған спортшы ғой. Кук маған қайсарлығын, оңай шағылатын жаңғақ емес екендігін рингте сездірді. Жанкүйерлер тарапынан қанша қысым көрсе де, шаршы алаңда өзін еркін сезінді. Аллаға шүкір, еліме жарқын жеңіс пен керемет бокс кешін сыйлағаныма қуаныштымын», – деді.

Сонымен қатар QAZAQ алдағы жекпе-жектерін HBO каналы көрсету мүмкіндігін де атап өтті. «Канадалық боксшымен бір деңгейде едік. Осы жекпе-жекте кімнің үлкен шайқастарға жолы ашылатыны айқындалу керек еді. HBO, Show time каналдары екеумізге де келісімшарт ұсынып, болашақта жекпе-жектерімізді көрсету туралы шешім шығаруды ұйғарған. Жалпы,  бұл жекпе-жекті HBO каналының түсіруі жоспарында болды. Алайда біз Ұлттық арна мен Қазспорт арнасымен келісіп қойған соң, ол арнамен келісімшарт жасаспадық. Енді болашақта HBO каналы елімізге келіп жекпе-жектерімді түсіруі мүмкін», – деді Қанат.

Сарыарқа велотрегіне жиналған қалың көрерменнің қолдауы жайлы сөз қозғап, «Шетелде өнер көрсетсем де, елімізде жұдырықтассам да басты мақсат – елдің абыройын асқақтату. Көк туды желбіретеміз деп жүргеннен соң, әр жеңіс мен үшін өте қымбат. Сен үшін, Тәуелсіз елің, жаны қазақ қандастарың тақымын қысып, қолдау көрсетіп тұрғанда ешқандай аянып қалуға болмайды. Шаршы алаңда жаныңды салып жұдырықтасуың керек. Астанадағы жекпе-жегіме Америкадан келгендер елімізді көріп, қатты таңғалды. Еліміздің қонақжайлығы мен әсем қаламызға тәнті болып, маған Америкада не істеп жүрсің? деді. Менің осы жекпе-жегімнен кейін, промоутеріме Америкадан көп хабарласып жатыр. Қазақстандағы үлкен ареналарды көріп, халықтың спортқа деген құштарлығын байқаған соң, олар да Қазақстанда жекпе-жек өткізуге құлшыныс танытып отыр. Болашақта Астана мен Алматы қаласы кәсіпқой бокстың отаны болуы да мүмкін», – дейді QAZAQ.

Әңгіме барысында Қазақ кәсіпқой боксының деңгейі туралы да сөз қозғалды.

«Жалпы, қазақстандық кәсіпқой боксшылар әлемдегі ең үздік күрзі жұдырықты былғары қолғап шеберлерінің қатарына кіреді деп толық сеніммен айта аламын. Астанада өткен бокс кеші соның айқын дәлелі бола алады», — деді.

Болашақ қарсыластар туралы.

«Менің бокста жүргеніме 20 жылдай, кәсіпқой бокста 6 жыл уақыт болды. Қазіргі таңда Котто болсын, Пакьяо болсын кез келген қарсыласпен жұдырықтасуға дайынмын. Алла қаласа, Тәуелсіздік күніне орай, тағы бір жекпе-жек өткізуім мүмкін. Спорттан кеткеннен кейін, QAZAQ промоушен компаниясының жоғары деңгейге жеткізіп, әрбір қазақ боксшысы әлемнің кез келген түкпірінде жекпе-жек өткізе алатын жағдайға жеткізгім келеді», – дейді қазақтың Қанаты.

Еске сала кетейік, Қанат Ислам соңғы жекпе-жегін Астана қаласында Брэндон Кукке қарсы өткізіп, 9-раундта техникалық нокаутпен жеңіске жеткен болатын. Сөйтіп, отандасымыз бірінші орта салмақтағы WBO, NABO және WBA Inter-Continental чемпиондық белбеулерін қорғап қалды.

Пікір жазу

Пікір жазу

Сіздің e-mail жарияланбайды. * толтыру міндетті орындар.

Бокс