19 қыркүйек, Бейсенбі

Алматыда волейболдан Әлемдік Гран-придің екінші кезеңі өз мәресіне жетті

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr +

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында волейболдан Әлемдік Гран-придің екінші кезеңінің шешуші кездесулері өтті. Екі күн бойы жолы болмаған отандастарымыз Хорватия құрамасымен кездесті.

Соңғы орындарды сарапқа салған ұжымдар қызықты да тартысты ойын үлгісін көрсетті. Матчтың бірінші кезеңін алаң иелері сенімді бастап, ойынның соңына дейін бар күшін салып, тырысып бақты. Әлбетте, жанкүйерлердің қолдауын елеусіз қалдыру мүмкін емес. Олар Қазақстан құрамасына күш-жігер бергені анық. Бірінші сет 22:25 ұпай санымен қазақстандықтар үшін сәтті аяқталса, екінші кезең осындай ұпай санымен қонақтардың пайдасына шешілді. Ал соңғы екі сетте алаң қожайындары қарсыластарын 22:25 және 16:25. есебімен тізе бүктірді. Осылайша, Қазақстан құрамасы Әлемдік Гран-приде алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Радмила Береснева, волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны:

–  Әлемдік Гран-при додасында алғашқы жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Қарсыластарымызға мықты бәсеке үшін алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар Хорватия командасы әлі жас әрі дарынды ойыншылардан құралған. Олар келесі жылы күшейіп, үздіктердің қатарында болады. Болашақта олармен бәстесу қиынға соғады.

Саманта Фабрис, волейболдан Хорватия әйелдер құрамасының капитаны: 

– Әрине, біздің еңсеміз түсіп, көңіліміз қалды. Жалпы, жақсы ойын үлгісін көрсеттік, алайда бұл жақсы нәтижеге жету үшін жеткіліксіз екен. Бірақ біз қателерімізді байқадық, енді жұмыс жасайтын боламыз. Біздің команда дарынды, жас  және де аянбай еңбек етсек талай белестерді бағындырамыз деп ойлаймын.

Алматыда өткен Әлемдік Гран-при кезеңінің жеңімпазы 9 ұпай жинаған Германия атанса, Колумбия – 6 ұпай, Қазақстан – 3, ал Хорватия ұпайсыз. Осылайша, алматылық кезең өз мәресіне жетті.

Қазақстан Хорватияны жеңіп, жинаған үш ұпайымен екінші топта оныншы орынға жайғасты. Енді Қазақстан құрамасы шілденің 21-і мен 23-і аралығында Оңтүстік Кореяға өтетін Әлемдік Гран-придің үшінші кезеңінде бақ сынайды. Жерлестеріміздің қарсыластары Оңтүстік Корея, Колумбия және Польша болмақ.

Бөлісу

Пікір жазу