Басқалары

Ақжүрек Таңатаров  пен Мамед Ибрагимов  қола жүлдеге таласады

Парижде күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында 70 келіде сынға түскен Ақжүрек Таңатаров пен 97 келідегі Мамед Ибрагимов қола жүлде үшін белдеседі, — деп хабарлайды QSport.kz  порталы.

70 келіде ел намысын қорғаған Ақжүрек Таңатаров алғашқы белдесуінде үнді балуаны Амит Кумарды оңай ұтып, екінші белдесуінде Рио Олимпиадасында шу шығарған маңғол Мандахнаран Ганзоригті сан соқтырып кетті.  Ал ширек финалда осы салмақта басты фавориті болған Франк Чамизоның осал тұсын таба алмады. Дегенмен италиялық спортшының ақтық сынға шығуына байланысты қола жүлдеге таласу мүмкіндігіне ие болып, жұбаныш белдесуде ежелгі қарсыласы өзбек Ихтиор Наврузовтан бір бас жоғары болды. Отандасымыз бен түрік балуаны Юкуп Гор қола жүлдені сарапқа салатын болады.

97 келіде өнер көрсеткен Мамед Ибрагимов алғашқы белдесуінде-ақ Олимпида чемпионы Кайл Снайдерге есе жіберді. Америкалық балуан ақтық сынға сүрінбей жеткендіктен, отандасымыз қола жүлде үшін күресу құқына ие болды.  Жұбаныш белдесуінде жапон спортшысы Наоя Акагуманы айқын басымдылықпен ұтқан Ибрагимов қола жүлде үшін Асланбек Алборовпен кездеседі.

Естеріңізге сала кетейік, Францияның Париж қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында грек-рим балуандары — Мейрамбек Айнағұлов (59 келі) пен Демеу Жадыраев (71 келі) Қазақстан қоржынына қос күмісті салған болатын. Ал балуан қыздарымыз жарысты жүлдесіз аяқтаса, кеше өнер көрсеткен балуандарымыз да жүлделі орыннан көрінген жоқ.

Пікір жазу

Пікір жазу

Сіздің e-mail жарияланбайды. * толтыру міндетті орындар.

Басқалары