Бокс

Қанат Исламның екінші спарринг қарсыласы — кубалық «Құбыжық»

Юниески Гонсалэс Қанат Исламның Астанада өтетін жекпе-жегіне дайындығын шыңдау үшін қол ұшын беруге келді

Астанада өтетін бокс кешіне дайындалып жатқан Қанат Исламға спарринг қарсылас болуға кубалық танымал боксшы келді, — деп хабарлайды Qsport.kz порталы.

Кубалық Юниески Гонсалэс Қанат Исламның Астанада өтетін жекпе-жегіне дайындығын шыңдау үшін қол ұшын беруге келді. Жартылай ауыр салмақта жұдырықтасатын кубалық спортшы әуесқой бокстың барлық шыңын бағындырған. Кубаның туын талай желбіреткен Юниески әуесқойлар арасындағы жекпе-жегінде 345 рет жеңіске жеткен. «Құбыжық» лақап атымен танылған кубалық былғары қолғап шебері кәсіпқой боксқа 2010 жылдан бастап ауысқан. Шаршы алаңда 21 кездесу өткізіп, 18 рет жеңіске жетсе, 3 рет жеңілістің кермек дәмін татқан. 14 кездесуінде нокаутпен жеңіске жеткен. Юниески соңғы жекпе-жегінде украиналық Александр Гвоздикпен WBO-NABO тұжырымының атағын сарапқа салып, жеңіліс тапқан болатын. Дегенмен Гвоздик «Шаршы алаңда жолыққан ең мықты қарсыласым – Юниески» деп бұл боксшыға жоғары баға берген.

Еске салайық, Астанадағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде бірінші орта салмақтағы WBO NABO және WBA Inter-Continental тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Қанат «QAZAQ» Ислам (24-0, 19 КО) өз белбеулерін канадалық Брэндон Кукқа (18-0, 11 КО) қарсы өтетін жекпе-жекте қорғайды. Бокс кешінің өтуіне қолдау көрсеткен: Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, Астана қаласының әкімшілігі жəне ZHERSU өндірістік-инвестициялық корпорациясы.

Пікір жазу

Пікір жазу

Сіздің e-mail жарияланбайды. * толтыру міндетті орындар.

Бокс