Бокс

Серік Қонақбаев: Қанат Ислам жан-жақты шыңдалған шебер боксшы

Маман пікірі

AIBA вице-президенті, Азиялық бокс конфедерациясының президенті Серік Қонақбаев Qsport.kz порталына сұхбат беріп, Қанат Ислам бокстағы карьерасы туралы ойымен бөлісті.

– Бокстың жілігін шағып, майын ішкен маман ретінде Қанаттың жұдырықтасу стиліне қандай баға бересіз?

– Қанат қазақ боксының ең жақсы жақтарын бойына сіңірген, біздің майталман бапкерлерден тәлім алған боксшы.  Кезінде Ғалым Кенжебаевтың қол астында жаттығып, одан соң Дамир Бұданбековтың мектебінен өткен. Осындай білімді де, жоғары деңгейдегі кәсіби мамандардың жұмысының нәтижесінде, Қанат Ислам жан-жақты шыңдалған шебер болып шықты. Өз басым Қанат Ислам дегенде ең бірінші оның Чикагодағы әлем чемпионатындағы, Бейжің Олимпиадасындағы жекпе-жектері көз алдыма келеді. Өте жинақы жұдырықтасады. Қорғана да шабуылдай да алатын боксшы.

 Қанат Исламның əлем чемпионы болуына қаншалықты мүмкіндігі бар? Чарло, Лара сияқты сол салмақ жұлдыздарын жеңе алады деп сенесіз бе?

– Бірнеше жыл бойы Қанаттың қоржынына жинаған жетістіктері жеткілікті. Ол біркүндік еңбек емес қой. Осы уақытқа дейін өткізген жекпе-жектерінің бәрі мол тәжірибе жəне шеберлікті арттыру. Сонымен қатар әуесқой бокста да Қанат талай жеңіске жеткен. «Астана арландарында» көрсеткен өнері де жанкүйердің есінде.

Осының бəрін ескере, Қанат өз алдына əлем чемпиондығын мақсат тұтса, оған жетуге барлық мүмкіндігі бар. Қанаттың командасы дұрыс жоспар құрып, бағытынан таймай жұмыс істеу қажет.

– Қанат 24 жекпе-жектің 19-ын нокаутпен ұтты. 12 раундтық жекпе-жекті де көрді. Сол 12 раундтық жұдырықтасуда кей жанкүйерлер нокаут болмады деп ренжіп жатады. Бұл əділетті реніш пе? 

– Боксшы ретінде айтсам, Қанаттың бұл көрсеткіші де оңайлықпен, жай келе салған жеңіс емес. Ол белсенді еңбегінің нəтижесі. Əр шайқастан нокаут күту, тіпті спортшыға реніш білдіру деген дұрыс емес шығар. Бұл бокс, əртүрлі жағдайлар, əртүрлі қарсыластар болады. Әрқайсысының өзіндік стилі мен мінезі бар. Олар да рингке шығып, жай құлай салмайды. Бұл тек физикалық күрес емес, сонымен қатар үлкен психологиялық тартыс.  Кәсіпқой бокс 12 раундпен кәсіпқой бокс. Боксшының шыдамдылығы мен мықтылығы сол 12 раундтық жұдырықтасуда білуге болады. Кей боксшылар болады, кәсіпқой боксшы болса да 12 раундқа шыдай алмайды. Шаршап қалады. Ал Қанат жанкүйерлерге нағыз кәсіпқой боксшы екенін көрсетті.  12 раунд бойы  тоқтамай қарсыласын сабады. Бұл да Қанаттың дайындығы мықты әрі әлем чемпионы болуға мүмкіндігі мол екенінің айғағы.

– Бүгінде қоғамда Қанат Ислам мен патриот сөзі қатар айтылатын болды. Қанат өз сұхбаттарында да жастармен кездесулерінде де Ұлттық мəселелерді қозғап, жастарды елді сүюге, Тəуелсіздікті бағалауға шақырады. Спортшының осындай патриот болуы бүгінгі қоғамда қаншалықты маңызды? Əлде спортшы тек спорт туралы ғана айтуы керек пе?

– Менің ойымша, Қанаттың ұстанымы өте дұрыс.   «Елім-жерім» деп соққан жалынды жүрегі бар, халқының игілігіне атқарып келе жатқан қызметі бар. Сондықтан Қанат жас буынға үлгі болатыны сөзсіз. Әр спортшы өз елінің шынайы патриоты, жер-жаһанда халқының абыройын асқақтатып, намысын қорғап, мемлекетінің туын биікке көтеруге бар күш-жігерін аямай салады. Спорт саясат пен экономикамен қатар халықаралық аренада елдің визиткасы. Спортшылар арқылы мемлекетті танып, спорттың деңгейіне қарап елдің жалпы дамуын байқайды. 

– Астанада 9 қыркүйекте Қанат Ислам канадалық жеңілмеген боксшы Брэндон Кукпен жұдырықтасады. Қанаттың мүмкіндіктерін білетін маман ретінде қандай болжам айтасыз?

– Əрине, талабына таланты сай спортшы ретінде Қанатқа деген сеніміміз мол. Өзім болжам-жорамалдан жалпы аулақпын. Қанаттың бапкерлерінің, бүкіл командасының техникалық-тактикалық жоспарының іске асуына тілектеспін. Іске сəт, Қанатқа тек «Алға!» деймін.

Пікір жазу

Пікір жазу

Сіздің e-mail жарияланбайды. * толтыру міндетті орындар.

Бокс