Бокс

Нұрсұлтан Жаңабаев: Алекс Сандро Дуартэ – физикалық тұрғыдан мығым, соққылары нық

9 қыркүйек күні елордамыз Астана қаласында өтетін бокс кешінде шаршы алаңға шығатын отандасымыз Нұрсұлтан Жаңабаев қарсыласы жайлы пікір білдірді, – деп хабарлайды Qsport.kz порталы.

Отандасымыздың қарсыласы бразилиялық Алекс Сандро Дуартэ болады. 37 жастағы боксшы кәсіпқой бокста 11 кездесу өткізіп, оның 11-інде жеңіске жетсе, 1 кездесуде жеңіліп, 1 кездесуде отандасы Хавьер Родригомен тең түскен. 10 кездесуінде ол қарсыласын нокаутқа түсірген. Алекс Дуартэ соңғы кездесуін 2017 жылдың 5 тамызында бразилиялық Хавьер Орландоға қарсы өткізіп, кездесудің бірінші раундында нокаутпен жеңіске жеткен

Нұрсұлтан Жаңабаев қазіргі таңда Астана қаласында Қанат Исламмен бірге жаттығу жұмыстарын өткізіп жатыр.

 –  Қарсыласымның жекпе-жектерін қарап шықтым. Алекс Сандро Дуартэ –  физикалық тұрғыдан мығым, соққылар нық. Жақында жекпе-жек өткізіп, белбеу жеңіп алған. Оның мықты тұстары да, кемшіліктері де бар. Менен жасы біраз үлкен екен. Сол себепті, жастығымды пайдаланып, шапшаң қимылдау қажет. 

Жекпе-жекке дайындығым жақсы. Өз еліңде жұдырықтасқаннан гөрі, сыртта жекпе-жек өткізген оңай. Себебі, жанкүйерлеріңнің алдында жұдырықтасу әркез психологиялық тұрғыдан ауыр болады. Дегенмен дайындық мықты, – дейді Нұрсұлтан Жаңабаев  Qsport.kz  тілшісіне берген сұхбатында.

Нұрсұлтан Жаңабаев – бірінші орта салмақта WBA China чемпиондық белбеуінің иегері. 1992 жылы 5 қыркүйек күні Тараз қаласында туған. Әуесқой бокста белгілі бапкер Айдамир Ералиевтің қол астында жаттыққан. Қазақстанның спорт шебері. Кәсіпқой бокста екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіске жеткен. Алғашқы жекпе-жегін Қытайда жергілікті боксшы Син Син Янға (11-5-3) қарсы өткізіп, жеңіске жеткен. Екінші кездесуінде отандасымыз Қытайда филиппиндік тәжірибелі боксшы Джоил Дела Крустан (22-20-1, 8 КО) басым түсіп, мансабындағы екінші жеңісіне  қол жеткізген.  Жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланып отыр. 

Еске салайық, Астанадағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде бірінші орта салмақтағы WBO NABO және WBA Inter-Continental тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Қанат «QAZAQ» Ислам (24-0, 19 КО) өз белбеулерін канадалық Брэндон Кукқа (18-0, 11 КО) қарсы өтетін жекпе-жекте қорғайды. 

Пікір жазу

Пікір жазу

Сіздің e-mail жарияланбайды. * толтыру міндетті орындар.

Бокс