Бокс

Нұрсұлтан Жаңабаев: Канеломен жұдырықтасқым келеді

Нұрсұлтан Жаңабаев – бірінші орта салмақта WBA China чемпиондық белбеуінің иегері

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Нұрсұлтан Жаңабаев Qsport.kz порталына берген сұхбатында 9 қыркүйек күні Астанада өткізетін жекпе-жегіне дайындығы мен Қанат Исламмен бірге өткізіп жатқан жаттығуы жайлы айтып берді.

Нұрсұлтан Жаңабаев – бірінші орта салмақта WBA China чемпиондық белбеуінің иегері. 1992 жылы 5 қыркүйек күні Тараз қаласында туған. Әуесқой бокста белгілі бапкер Айдамир Ералиевтің қол астында жаттыққан. Қазақстанның спорт шебері. Кәсіпқой бокста екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіске жеткен. Алғашқы жекпе-жегін Қытайда жергілікті боксшы Син Син Янға (11-5-3) қарсы өткізіп, жеңіске жеткен. Екінші кездесуінде отандасымыз Қытайда филиппиндік тәжірибелі боксшы Джоил Дела Крустан (22-20-1, 8 КО) басым түсіп, мансабындағы екінші жеңісіне  жетті.

25 жастағы былғары қолғап шебері қазіргі таңда 9 қыркүйек күні Астанада өтетін жекпе-жегіне Қанат Исламмен бірге   жаттығып жатыр.

– Нұрсұлтан, кәсіпқой бокстағы үшінші жекпе-жегіңді өз еліңде өткізейін деп жатырсың. Қазіргі таңда Қанат Исламның командасымен бірге жаттығып жүрсің.  Жалпы, дайындығың қалай?

– Дайындық жақсы. Өз еліңде жұдырықтасқаннан гөрі, сыртта жекпе-жек өткізген оңай. Себебі, жанкүйерлеріңнің алдында жұдырықтасу әркез психологиялық тұрғыдан ауыр болады. Дегенмен дайындық мықты.

Нелсон Лопестің жаттығулары қиын. Жаттығуының ерекшелігі – жақын арақашықтықта жұдырықтасуға баса назар аударады. Жақын арақашықтықта да жойқын соққы жасауды үйретуде. Қорғанысымды да жақсартып жатырмыз.  Әуесқой мен кәсіпқой бокстың айырмашылығы жер мен көктей. Әуесқойда соққы жасап болып, артқа аяқпен шегініп қорғансақ, кәсіпқойда бүкіл денеңді қосуың керек. Денемен қорғану керексің. Бұл жаттығулар мен үшін өте пайдалы болып жатыр.

– Жекпе-жекке дайындығыңды кіммен бірге пысықтап жатырсың? Спарринг қарсыластарың кім?

–  Әлемнің бірінші нөмірлі боксшыларының бірі – Қанат Исламмен дайындалып жатырмын. Эквадордан келген мықты жігіттер де бар. Аптасына үш күн спарринг болады. Қалған күндері таңда және кешке залда жаттығу жасаймыз.  Қанат ағаммен бірге жаттықсам, барлық жекпе-жектерім оңай өтетініне сенімдімін.

–  Кәсіпқой бокста кімге қарсы жекпе-жек өткізгің келеді? Жалпы, арманың қандай?

–  «Әр сарбаз генерал болсам» деп армандайды. Менің арманым – екі салмақта әлем чемпионы атану. Сонымен қатар «Канеломен» әдемі жекпе-жек өткізгенді қалаймын. Шаршы алаңда мексикалықпен нағыз айқас ұйымдастырып, Қазақ елінің туын көтерсем деймін. Бұйыртса, ақырындап осыған келе жатырмын.

Айта кетейік, 9 қыркүйек күні елордамыз Астана қаласында Қанат Исламның қатысуымен бокс кеші өтеді. Шаршы алаңға Нұрсұлтан Жаңабаевтан бөлек Жанқош Тұраров, Жәнібек Әлімханұлы, Мейірім Нұрсұлтанов, Руслан Мырсатаев, Әли Ахмедов, Айдос Ербосынұлы және Димаш Ниязов секілді отандастарымыз шығады. Бокс кешінің өтуіне қолдау көрсеткен: Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, Астана қаласының әкімшілігі жəне ZHERSU өндірістік-инвестициялық корпорациясы.

Пікір жазу

Пікір жазу

Сіздің e-mail жарияланбайды. * толтыру міндетті орындар.

Бокс