Оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру және бақылау үшін құрылған Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің жедел штабы ұлттық құрамалардың оқу-жаттығу жиындарын өткізу мен ұйымдастырудың уақытша тоқтатылатыны туралы ресми түрде мәлімдейді, – деп хабарлайды Qsport.kz порталы ҰОК-не сілтеме жасап.
1 шілдеден бастап барлық құрама командалардың оқу-жаттығу жиындары тоқтатылды. Мұндай шешім Қазақстанда коронавирус індетінің өршуіне және көптеген ірі халықаралық жарыстардың кейінге шегерілуіне байланысты қабылданған.
Сондай-ақ қазіргі таңда жаттығу жиындарын өткізіп жатқан команданың барлығы тоқтатылып, бұдан кейін жоспарланған жиындар өтпейді.
1-29 маусым аралығында 12 спорттық нысанда 26 оқу-жаттығу жиындары өткізілді. Оған 22 ұлттық құрама командасы қатысты. ОЖЖ қауіпсіздік шарасы қатаң сақталған спорт нысандарында кезең-кезеңімен өтті.