3 маусым, Сәрсенбі

Дархан Асаділов: Карантинде кетпен ұстап, дихандарға көмектесіп жүрмін

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr +

Каратэден Қазақстан құрамасының мүшесі, Токио Олимпиадасы лицензиясын жеңіп алған каратэші Дархан Асаділов  Qsport.kz тілшісіне шағын сұқбат берді. Спортшы карантин уақытындағы дайындығына тоқталып, Олимпиада ойындарының кейінге шегерілгені жайлы ойын бөлісті.

Токио Олимпиадасының бір жылға кейінге шегерілгені сізге қалай әсер етті? Жалпы бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыз?

– Әрине, бұл жалғыз маған емес, бүкіл спортшыларға ауыр тигені айдан анық. Әр жекпе-жекке, әр жеңіске дайындық жүргізіледі. Спорттық шың деген нәрсе бар. Әр спортшы соған жақындаған кезде мұндай тосын жаңалық оңай тимейтіні сөзсіз. Алайда осылай болды екен деп қолды бір сілтей салған да дұрыс емес. Төрт жыл сарыла күткен жарыс қой. Қаншама спортшы осы үшін тер төкті, қанша турнирге қатысты, оның бәрі үлкен еңбек. Қазір осыған қатысты жоспарлар жасалып жатыр.

Карантин уақытында қалай жаттығып жатырсыз? Жаттығуға күніне қанша уақыт бөлесіз?

– Дәл қазіргі уақытта Сарыағаштамын. Үйде жаттығып жатырмын. Залдағыдай емес, үйде болғандықтан кішігірім физикалық жаттығулар жасап жүрмін. Кейде білек күшімді сынау үшін кетпен ұстап азаннан кешке дейін дихандарға көмектесемін.

Басты қарсыластарыңыз кімдер? Оларға қалай дайындаласыз?

– Басты қарсыластарым он адам болғаннан кейін бәріне бірдей дайындалу керек. Мынау мықты, мынау нашар деген әңгіме жоқ. Бәріне бірдей көзқарастамын. Бәрі де мықты. Әзірге қарсыластарымның видеосын қарап, анализ жасап жүрмін. Құдай қаласа, карантин біткесін практикалық дайындықты бастаймыз.

Спорттық бабыңызды қалпында ұстап тұру қаншалықты қиын?

– Спорттық форманы үнемі бір қалыпта ұстап тұру қиын. Тіпті қазір оны қатты ұстаудың да қажеті жоқ деп ойлаймын. Әлі бір жылдай уақыт бар. Бұлшықеттерімді қалпында ұстап тұру әрі формадан шығып кетпеу үшін жеңіл-желпі жаттығулар жасап жатырмын. Бұрынғыдай дайындық жоқ, кішкене босаңсыдық. Олимпиаданың кейінге шегерілгені бір жағынан жақсы болды. Екі жыл бойы үздіксіз дайындық жүріп, айына бір, тіпті кейде екі жарысқа барған кезіміз болды. Сондықтан мұны бір кішігірім үзіліс деп қабылдадым. Аздаған демалыстан соң қалыпты жаттығуға қайта ораламыз деп сенемін.

Көп рақмет. Сәттілік тілейміз!

Бөлісу

.