3 маусым, Сәрсенбі

ФИФА футболды аман сақтау үшін арнайы қаржы қорын құрмақ

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr +

Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) коронавирус індетінің әсерінен қаржылық қиындыққа тап болған лигалар мен клубтарға арнайы қаржы қорын құруды жоспарлап отыр, – деп хабарлайды Qsport.kz порталы.

The New York Times газетінің хабарлауынша, ұйым футбол саласын сақтап қалу үшін «қыруар ақша» жұмсамақ. Соңғы есеп бойынша ФИФА-ның резерві 2,74 млрд доллар. Федерация осы соманың бір бөлігін тәуелсіз басқарылатын қорға бөлуге дайын. ФИФА әлемді шарлаған коронавирус індетінің кесірінен дағдарысқа ұшыраған клубтарға көмектеспек.

ФИФА мұндай қадамға өткен аптада орын алған жағдайларға байланысты баруға мәжбүр болды. Алғашында Уругвай футбол федерациясы маусымның тоқтатылуына байланысты 400 қызметкерін жұмыстан босатты. Кейінірек белгілі словакиялық «Жилина» клубы тоқтайтындығы белгілі болды.

Коронавирустың таралуына байланысты барлық дерлік футбол турнирі тоқтап, клубтар айтарлықтай шығынға ұшырады. Қордың құрылуы ФИФА кеңесінің келесі отырысында мақұлдануы керек. Қордың бюджеті бірнеше жүз миллион долларды құрайды.

Айта кетейік, мәжбүрлі үзіліске байланысты футболшылар өз клубына көмектесу үшін жалақысының біраз бөлігінен бас тартты. Бұған дейін мадридтік «Реал» клубы ойыншыларының жалақысын қысқартатынын мәлімдеді. «Барселона» басшылығы да ойыншылардың жалақысы 70%-ға қысқаратынын айтты. Сондай-ақ, туриндік «Ювентус» ойыншылары да індетке байланысты төрт айлық жалақысынан бас тартты.

Бөлісу

.