7 сәуір, Сейсенбі

Айдын Смағұлов:«Олимпиада ойындарының кейінге қалуы спортшыларға оңай тиген жоқ»

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr +

Дзюдодан Ұлттық құрама бапкері Айдын Смағұлов 2020 жылғы Токио Олимпиадасының өту мерзімі ауыстырылуына байланысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Qsport.kz порталы Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

«Олимпиада ойындарының кейінге қалуы бірінші кезекті спортшыларға қиын соғады. Бірақ бұл қадамның спортшылар денсаулығы үшін жасалғанын да ұмытпауымыз керек. Мәселен, әр спортшының өз дайындық бағдарламасы бар. Олимпиадаға қатысуға үмітті спортшылар төртжылдық жоспар қойып, соған сәйкес жаттығады. Мысалы, жаттығудың әр кезеңге жоспарлаған жүктемесі, көлемі болады. Соның бәрін орындап, жарысқа санаулы ай қалғанда тоқтап қалатыны, сөз жоқ, қиын. Спортшылар қаншама жыл бойы дайындалды. Бір кезеңде, физикалық, бір кезеңде функционалдық дайындыққа көңіл бөлді. Биылғы кезеңде біз бәрін саралап, Олимпиадаға тас-түйін болып баруды көздегенбіз. Барлық нәрсе біз ойлағандай болмайды ғой. Еш мойымаймыз. Мұның бәрі адамзаттың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. Бәрін қайтадан бастаймыз. Дайындық кезеңінің бұзылғанына қарамастан, келесі жылғы ойындарға жаңа күшпен барамыз», – дейді Айдын Смағұлов.

Айта кетейік, жақында Жапония үкіметі мен Халықаралық Олимпиада комитеті әлемге таралған коронавирус індетіне байланысты  Жазғы Олимпиада ойындарын келесі жылға қалдыру туралы шешімге келген болатын. COVID-19 пандемиясы Қытайда өткен жылдың соңында тіркелген. Соңғы мәліметтер бойынша әлем бойынша вирустың кесірінен 21 мыңнан астам  адам қайтыс болды.

Бөлісу

.