2 сәуір, Бейсенбі

Ресей спорттан 4 жылға шеттетілді

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr +

Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттіктің Атқару комитеті 9 желтоқсанда кезекті отырысын өткізді. Аталған комитет мүшелері Ресейді алдағы төрт жылда өтетін халықаралық спорт жарыстарынан шеттету туралы шешім қабылдады. Бұл уақыт кезеңінде 2020 жылы Токиода өтетін жазғы олимпиада мен 2022 жылы Бейжіңде өтетін қысқы олимпида бар.

Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттіктің дерегінше, реселік допингке қарсы агенттік Мәскедегі зертханасында сынамалардың қорытындыларын бұрмалаған. Олардың айтуынша, Ресей бұған дейін алған жазалардан сабақ алмаған. Естеріңізге салсақ, 2018 жылы өткен қысқы олимпиадада ресейлік спортшылар бейбатарап атлеттер ретінде Олимпиада туы астында өнер көрсеткен болатын.
ВАДА-ның ресми хабарламасында ресейлік «допингтен таза» спортшыларды қорғау мақсатында қатаң шешім қабылданғандығы жайлы айтылған. Ал осы ұйымның вице президенті Линда Хеллеланд ресейлік спортшылардың барлығын спорттан аластату туралы ұсыныс жасаған. Бірақ ол іске аспай қалды.

Түрлі жазалар мен шектеулерден бөлек, Ресейдің бірнеше халықаралық жарыстарды өткізу құқығынан айырылып қалуы әбден мүмкін. Ондай жарыстар қатарында 2021 жылы өтетін жағажай футболынан әлем чемпионаты, 2022 жылы өтетін волейболдан әлем чемпионаты, 2023 жылы өтетін хоккейден әлем чемпионаты, 2023 жылы өтетін универсиада мен 2025 жылы өтетін су спорты түрлерінен әлем чемпионаты бар.

Ресейдің допингке қарсы агенттігі әзірше ресми мәлімдеме жасамады. 19 желтоқсанда мамандар мен сарапшылардың басын қосып, нақты шешімді сол кезде қабылдайтынын айтты.
Ресейге қарсы қабылданған шешімге түрткі болған жағдай Ресейдің допингке қарсы агенттігінің сынама қорытындыларын бұрмалауында жатыр. Осы жағдайға байланысты Халықаралық Олимпиада Комитеті Ресей билігін кінәлі деп мәлімдеді.
ВАДА-ның шешімі шыққанымен, ол спорт әлеміндегі ең соңғы шешім емес. Егер РУСАДА керек деп тапса, спорттық арбитраждық сотқа шағымдана алады.

Бөлісу

.