28 қаңтар, Сейсенбі

«Алтын доп 2019» — Месси алты дүркін жеңімпаз

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr +

Әлемдегі ең үздік футболшыға берілетін «Алтын доп» жүлдесі 2019 жылы «Барселонаның» намысын қорғайтын аргентиналық Мессиге бұйырды. Осылайша Мессидің алтын доптарының саны алтыға жетті.

«Тойдың боларынан боладысы қызық» дегендей, биылғы марапатқа лайықты футболшылар арасында болған «Ливерпуль» командасының қорғаушысы Вирджил ван Дейк фаворит боп саналған. Бірақ дауыс беру нәтижесінде Месси жеңімпаз деп танылды. Ван Дейк екінші орынға жайғасты. Ал талайлардың сүйікті футболшысына айналған португалиялық Роналду үшінші орынды місе ұтты. Одан кейінгі орындарда «Ливерпуль» командасының ойыншылары Садио Мане мен Мохамед Салах бар.

Месси алғашқы алтын добын 2009 жылы, ал бесінші алтын добын 2015 жылы ұтып алған еді. 2016 және 2017 жылдары қатарынан Роналду ұтса, былтырғы жылы хорватиялық Лука Модрич жеңімпаз атанды.

«Яшин трофейі» жүлдесі

Осы жылы алғаш рет «Яшин трофейі» жүлдесі тағайындалды. Кеңес одағының аты аңызға айналған қақпашысы Лев Яшиннің құрметіне орай «Яшин трофейі» деп аталатын жүлде жылдың ең үздік қақпасына беріледі. Аталған жүлде «Ливерпульдың» қақпашысы Алиссонға бұйырды. Екінші орында «Барселоналық» Марк Андре тер Штеген, үшінші орында «Манчестер Ситидің» қақпашысы Эдерсон.

Әйелдердің «Алтын добы»

Естеріңізде болса, 2018 жылы France Football басылымы алғаш рет әйелдер арасында «Алтын доп» жүлдесін тағайындаған болатын. Биылғы жеңімпаз — мұхиттың арғы жағынан келген америкалық Меган Рапино. Меган АҚШ-тың футболдан әйелдер құрамасының екі рет әлем кубогын жеңіп алу жолында көп еңбек етті. 2019 жылы ФИФА-ның әйелдер арасындағы жыл ойыншысы атанды.

«Копа трофейі»

Франциялық беделді басылым ұйымдастыратын салмақты жүлделердің қатары былтыр тағы бір жүлдемен толыға түскен еді. Ол 21 жасқа дейінгі үздік футболшыға беріледі. Бұл жүлде франциялық футболшы Раймон Копаның құрметіне орай «Копа трофейі» деп аталады. Өткен жылы Килиан Мбаппе үздік деп танылса, биыл ол жүлде «Ювентус» командасының жас ойыншысы Маттейс де Лигтке бұйырды. Ол оған дейін Амстердамның «Аякс» командасында ойнап, чемпиондар лигасының жартылай финалына дейін жетті.

Осымен 2019 жылдың үздік футболшылары анықталды. Бас жүлдеден құр қалатынан сезген Роналду Париж қаласында өткен марапаттау кешіне қатыспады. Ол сол күні Италияның А сериясындағы үздіктерді марапаттайтын кешке қатысып, «Жылдың үздік футболшысы» деген жүлдені ұтып алды.

Бөлісу

.