7 тамыз, Жұма

Мейрамбек Айнағұлов: Әлем чемпионатының қоласын Олимпиада алтынына айналдырғым келеді

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr +

Грек-рим күресінен Қазақстан командасының үздігі, әлем чемпионатының екі мәрте жүлдегері Мейрамбек Айнағұлов  биылғы маусымды қорытындылап өтті,– деп хабарлайды Qsport.kz порталы ҰОК сілтеме жасап. 

 «Аллаға шүкір, биылғы маусым мен үшін жаман өткен жоқ. Бір жыл бойы аянбай тер төгіп, оқу-жаттығу жиындарын мүлт жібермей, жылдың басты спорттық жарысына дайындалдық. Қуанышқа қарай, еңбегіміз еш кетпеді. Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізіп, оған қоса, команда қоржынын Токио Олимпиадасының жолдамасымен толықтырдым. Бұл мен үшін үлкен абырой.

Әрине, жолдама тағдыры әлі шешілген жоқ. Ереже бойынша, лицензия жекелеген спортшыға емес, тұтас командаға беріледі. Сондықтан, алдын ала болжам айтқым келмейді. Барлығын бапкерлер қауымы шешеді. Десе де, Токио Олимпиадасына қатысып, әлем чемпионатының қоласын алтынға айналдырсам деген асқақ арманым бар. Сол арманымды орындағым келеді. 

Биыл мені Ұлттық Олимпиадалық комитет ұйымдастырған спорттық Жүлдеге қонақ қылып, үздік спортшы атағына үміткерлер қатарына қосты. Шынымды айтсам, бұл мен үшін үлкен мәртебе. Отбасымызбен бірге қатты қуандық. Біз, спортшылар, үйімізден жырақта, әртүрлі қалаларда, әртүрлі елдерде аянбай жаттығамыз. Түрлі климаттық жағдайларға бейімделеміз. Сондай сәттерді елеп-ескеріп, жыл соңында еңбегіңді бағалағаны үлкен қуаныш», — дейді Мейрамбек. 

Еске сала кетейік, Мейрамбек Айнағұлов Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында 60 келі салмақта қола жүлдегер атанды. 

Бөлісу

.