7 тамыз, Жұма

Энтони Джошуа vs Энди Руис 2 (РЕВАНШ)

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr +

Кәсіпқой бокста аса ауыр салмақта өнер көрсететін британиялық Энтони Джошуа мен мексикалық Энди Руис арасындағы екінші жекпе-жек осы 7 желтоқсан күні Сауд Арабиясында өтеді. Бұл бокс кеші Таяу Шығыста өткен ең беделді кеш болмақ. Алғашқы жекпе-жектері 2019 жылдың 1 маусымында Нью-Йоркте өтті.

Кештің басты қаһармандары осы жылдың жазында алғаш рет жұдырықтасты. Нәтижесінде мексикалық боксшы жеңіске жетіп, сенсация жасады. Сол кездесуге дейін 22 рет жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен британиялық боксшының қанжығасында WBA Super, WBO, IBF және IBO тұжырымдарының чемпиондық белбеулері болатын. Жекпе-жек барысында бірнеше рет нокдаун алған Джошуа жетінші раундта ары қарай жұдырықтасудан бас тартты.

Негізінде, Энди Руис та оңай шағылатын жаңғақ емес еді. Себебі ол өзінің карьерасында Джошуаға дейін 33 кездесу өткізіп, соның біреуінде ғана жеңілген. Руистің өткізген жекпе-жектерінің саны көп болғанымен, танымалдылығы мен әуесқой бокстағы жетістіктерін Джошуаның жетістіктерімен салыстыруға келмейтін. Дегенмен, «Күш атасын танымас деген бар емес пе?!»

1 маусымдағы кездесуден кейін екеуі де рингке шықпады. Екеуінің де көздегені екінші жекпе-жекте ойдағыдай жұдырықтасу болды. Алғашқы жеңілісінен кейін рингке қайта оралуы бір жылдам ерте болмайды деп күтілген Джошуа жылдам ес жиып, қалпына келіп, қарымта кездесуге дайындалды. Мұхиттың арғы жағындағы қарсыласы да қарап жатпай, жауапты жекпе-жекке тыңғылықты дайындалды.  «Мен Джошуаның карьерасын аяқтаймын. Егер олай істемесем, ол менің карьерамды аяқтайды» деген Руис үшін бұл жекпе-жек тек белбеулерді қорғау емес, карьералық маңызы бар кездесу болмақ.

Алғашқы жеңілісінен кейін теріс айналған жанкүйерлеріне ренжіген Джошуа «Мен кәсіпқой боксқа жеңілмеу үшін келмедім. Бокс болған соң жеңіспен қатар жеңілістің де болуы заңды. Осы жолы мен мүмкіндігімді құр жібермеймін. Айырылған белбеулерімді қайтарып алам. Сіздердің кәсіпқой боксқа және онда өнер көрсететін боксшыларға деген көзқарастарыңыздың дұрыс болмауы мені қынжылтады» деп мәлімдеді.

Бірінші жекпе-жекте жеңіліс тапқанына қарамастан, Энтони Джошуа бұл жолы да фаворит саналады. Бірақ қарсыласының атақ-даңқы мен қолдаушыларынан сескенуді білмейтін Энди Руис үшін британиялықтың бұл жекпе-жекте де жолы болмайтын сияқты. Қалай болғанда да, барлығын уақыты келгенде ринг төрінде анықтайтын боламыз.

Енді екі боксшының алатын гонорарларына тоқтала кетсек. Бұл жекпе-жекте чемпион статусында жұдырықтасатын Энди Руисқа 12 млн АҚШ доллары уәде етілсе, есе қайтаруға келген Энтони Джошуаға 80 млн АҚШ долларынан кем емес сыйақы уәде етілген.

 

Бөлісу

.