16 қазан, Сәрсенбі

Қазақстандық оқушылары үмітті ақтады

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr +

Ресейдің Қазан қаласында ТМД мемлекеттері арасында VII халықаралық мектеп спортты фестивалі өз мәресіне жетіп, салтанатты марапаттау рәсімі өтті, — деп хабарлайды Qsport.kz порталы.

Қазақстаннан «Ұлттық мектеп лигасының» жеңімпаздары 5 спорт түрі (волейбол, баскетбол, шахмат, су добы, бадминтон) бойынша 31 оқушы қатысты.

Шахматтан Нұр-Сұлтан қ., №1 мектеп оқушылары өздеріне артылған үмітті ақтап, командалық есеппен 2-орынға ие болды. Айта кетейік, жекелей сында Черкасов Борис 3-орын алды.

Су добы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының оқушыларынан құралған команда үздік ойын көрсетіп 2-орынды иеленді.

Волейболдан ШҚО, Көкпекті ауданы, Самар ауылы №1 мектеп оқушылары ел абыройын асқақтатып, 2-орынды жеңіп алды.

Бадминтонға Орал қ., №13 мектептің ұл-қыздары қатысып, жоғары нәтижеге қол жеткізіп, командалық есепте 1-орынды, жекелей сында Васильев Никита мен Витман Вероника 1-орын, Бутпаева Ева 2-орын, Таджибуллаев Махсут 3-орынды иеленді.

Баскетболдан Нұр-Сұлтан қ., №49 мектептің оқушылары 3-орынды иеленді.

Еске салайық, фестивальге Әзірбайжан, Армения, Беларус, Қырғызстан, Молдава, Тәжікстан, Түркменстан, Украина, Өзбекстан, Ресей Федерациясы және Қазақстан Республикасы қатысқан болатын. Жалпы жарыстың нәтижесі бойынша қазақстандық оқушылар екінші орында тұр, яғни 4 алтын, 3 күміс, 1 қола медальмен жарысты сәтті аяқтады.

Осы ретте, оқушылардың жарысқа баруына демеушілік жасаған «Қазақстан шахмат федерациясы» мен «Қазақстан су спорты федерациясына», «Спорт қорына» ерекше алғыс білдіреміз.

Бөлісу

.