16 қазан, Сәрсенбі

Қайрат Маратұлы: «Арманым – тоғызқұмалақтан әлем чемпионын шығару»

0

Тоғызқұмалақ ойынының 4 мың жылдық тарихы бар. Қазақи аңыздарға сенетін болсақ, бұл ойынды қарапайым қойшылар ойлап тапқан. Тоғызқұмалақ тақтасы ретінде олар жерді қазып, арнайы шұңқырлар жасаған. Ал құмалақтарды дайындау үшін қойлардың құмалағын кептіріп, дәл сондай 162-сін қолданған. Бізге жеткен аңыздарда тоғызқұмалақ қойшылар үшін керемет ермек болды. Жаңақалалық жас тоғызқұмалақшылар қазіргі таңда республикалық жарыстарда топ жарып, чемпион атанып жүр. Тоғызқұмалақшыларды тәрбиелеп, жеңімпаз болуларына бапкер ретінде барлық жағдайды жасап жүрген жандардың бірі һәм бірегейі – Қайрат Маратұлы. Біліктілігі жоғары деңгейдегі І дәрежедегі аға жаттықтырушы, спорт шеберлігіне үміткер бапкердің әңгімесін тыңдап қайтқан едік.

«Алғашқы жалақым – 11 мың 500 теңге еді…»

Тоғызқұмалаққа 8 жасымда, 2-сыныпта жүрген кезімде алғаш рет қатыстым. Бапкерім – Хайрат Мұратұлынан тоғызқұмалақтың қыр-сырына қанықтым. Жалпы ауылдың баласы болғаннан кейін ұлттық спортқа қызығушылығым, үйренуге деген талпынысым, ынтам күшті болды. Облыстық жарыстарда шамамыз келгенше аудан намысын қорғап жүрдік. 10-сыныпты бітіріп, Орал гуманитарлық-техникалық колледжіне «Бастауыш сыныбының дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі» мамандығына құжат тапсырдым. Бұл 2007 жыл болатын. Сол оқуға түскеннен кейін де тоғызқұмалақты тастамай, колледж қабырғасында жүріп облыстық жарыстардан қалмадым, біраз тәжірибе жинадым. Тоғызқұмалақта әр ойын тәжірибе ғой. Оқу орнын 2011 жылы тәмамдадым. 2012 жылдың 3 ақпанынан бастап Жаңақала аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне бапкерлікке жұмысқа орналастым. Тоғызқұмалақтың әліппесін үйреткен Қайрат Мұратұлы ұстазымның қасына көмекші бапкер ретінде 0.2 бірлікпен штатқа жұмысқа тұрдым. Ол кездегі жалақым 11 мың 500 теңге болатын. Шыны керек, қазір ойлап қарасам өте аз ақша ғой. Бірақ ұлттық спортқа деген адалдығым әрі балаларға үйретсем деген ықыласымның арқасында жұмысымды қызығушылықпен атқардым. Одан кейін ұстазымыз зейнеткерлікке шығып, сол кісінің орнына бапкер боп қалдым. Қайрат ағайымнан көп нәрсені үйрендім.

Абай атамыздың өзі ойнаған

Ұлы Абайдың өзі бұл ойынды сүйіп ойнаған екен. Үйіне келген қонақтарға үйреткен деген де деректер бар. Жақсы ойнай білгендерге өз атынан жақсы сыйлықтар жасаған. Тоғызқұмалақтың ережесі қарапайым әрі өте оңай. Ақыл-ойды талап ететін, есепке деген қабілетті қажет ететін ойын. Осы орайда ережесін де түсіндіре кетейін. Тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы – 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды. Кейде бастаушы үшін – ақ жағы, қостаушы – қара жағы деген тіркестерді қолданамыз. Тоғызқұмалақта сандар жұп және тақ сандар боп бөлінеді. Өз қазандығына 82 құмалақты кім бірінші жинаса сол адам жеңген боп саналады. Тоғызқұмалақ та шахматтағыдай

үш түрден өтеді. Біріншісі – классика. Оған әр спортшыға 1,5 сағат уақыт, жалпы 3 сағат беріледі. Екіншісі – рапида деп аталады. Бұнда әр спортшыға 20 минут, жалпы 40 минут уақыт беріледі. Блиц (шапшаң) түрінде әр спортшы 7 минут қана уақыттың ішінде жүрістер жасап, ойынды аяқтап бітірулері керек. Жүріс ойыншылар тарапынан кезектесіп жүріледі. Жүрісті кімнің жасайтыны жеребемен анықталады. 

5 жыл қатарынан «Ең үздік аудан»

Еңбек етіп келе жатқаныма 8 жылға жуық уақыт өтті. Қазіргі таңда «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер» нормативін 16 оқушым орындады. Әр спорттың ерекше қыры бар ғой. Тоғызқұмалақ спортында балалар жас ерекшелігіне сәйкес шығады. 100-ден астам оқушым «І дәрежедегі спортшы» деген атақты қорғады. Бұны тек облыстық жарыстардың жүлдегерлеріне ғана береді. Біздің аудан тоғызқұмалақ спортынан 2014 жылдан 2018 жылды қоса есептегенде 12 ауданның ішінен 5 жыл қатарынан «Ең үздік аудан» боп марапатталды. 

Бағындырған белестері мол

Біз үшін 2017 жылы өте табысты болды. 20 жасқа дейінгі облыстың командалық жарысында І орын алдық. «Тоғызқұмалақтан Батыс Қазақстан облысының кубогі» үшін жарыста ересектер арасында топ жардық. 2018 жылы 4 жылда бір мәрте өтетін «Ақ бидай» ауылдық спартакиадасынан командалық жарыстан ІІІ орын алдық. Биыл да Ұлттық спорт түрлерінен Батыс Қазақстан облысының V фестивалінде жалпыкомандалық есепте ІІ орын иелендік. Мақтанғаным емес, барған жарыстарымыздан қоржынымыз бос қайтпайды. Жұмысқа орналасқаннан кейін жыл жарым уақыт өткеннен соң оқушыларым республикалық жарыстардан орын алуды бастады. Ең алғаш жүлде салған шәкірттерімнің бірі – Орынбасар Ахсанов деген оқушым. Барлық аудандардан, Орал қаласының бүкіл мектептерінен спортшылар қатысқан жарыстан ІІ орын алды. Содан кейін ұтқан жүлделердің де саны арта түсті. Ұстазым екеуміз бірлесіп жұмыстанып, ауданымыздағы оқушылардың да есепке жүйрік, ұлттық спортқа бейім екендіктерін жарыстан жүлде алуларымен дәлелдедік. Аудан тарихында тоғызқұмалақтан тұңғыш рет 2014 жылы қарашада Ақтау қаласында өткен ел біріншілігінде 20 жасқа дейінгі жастар арасында Шынар Тимурқызы деген оқушым қола жүлдеге қол жеткізіп, олжа салды. Шәкірттерімнің ішінен ең алғаш Ақгүл Бауыржанқызы 2015 жылы Павлодар қаласында Қазақстан чемпионы атанса, сол жарыста Жанар Мұратова есімді шәкіртім күміспен күптеліп, екеуі де «Спорт шеберлігіне үміткер» нормативін орындады. Бұл сайыста шәкірттерім мәртебемізді көтеріп, бапкерлер арасында беделімді асқақтатты. 300-ден астам спортшы қатысқан жарыстан чемпион оралып,

«Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер» дәрежесіне жетті. Жақында ғана Інжу Қайыржанова есімді шәкіртім облыстық ересектер арасындағы чемпионатта жеңімпаз атанып, республикаға жолдама жеңіп алды. Биылғы жыл да өте табысты өтіп жатыр. Нұрәлі Арматұлы, Бейбарыс Ғалымжанұлы биыл Павлодар қаласында өткен ел біріншілігінде атой салып, 9 жастағы жасөспірімдер арасынан екеуі де чемпион атанды.

«Менің дайындау тәсілім қарапайым, бірақ нәтижелі»

Шыны керек, жас маман болдық, тоғызқұмалақ ойнау білгенімізбен, бапкерлікте тәжірибе аз. Сол себепті «Баланы қалай үйрету керек?», «Оны айтулы жарыстарға қалай дайындау керек?» деген қарапайым сұрақтарды білмейтінбіз. Орал қаласын өмірінде көрмеген балалар бар. Жарыста қорықпасын деп небір жігер беретін сөздерді айтамын. Облысымызда Айтбай Тастайбеков, Қанапия Қаяпбергенов есімді үлкен ағаларымыз бар. Қанапия ағамызды өз арамызда «Тоғызқұмалақтың атасы» деп те атаймыз. Тоғызқұмалақтан Батыс Қазақстан облысының

аға жаттықтырушысы Дәулет Ұзаққалиұлы деген ағамыз бар. Ауданымыздағы тоғызқұмалақтың дамуына ол кісінің көп еңбегі сіңді. Алғашқы жылдары ол кісіден көп ақыл-кеңес сұрадым. Ол айтудан танбайды, мен сұраудан жалықпаймын. «Ұялған адамға ілім қонбайды» деген бар ғой. Жақсы нәрсені үйрену үшін көп сұрау керек, жетістікке жету үшін көп ізденіс пен еңбек қажет. Тоғызқұмалақты балалардың алдына қойып, ойната бергеннен олардың деңгейі өспейді. Додаларға дайын болмайды. Әр баланың қабылдауы әртүрлі. Сол себепті әр шәкіртпен жеке-жеке жаттығу жұмыстарын жүргіземіз. Әр спортшының осал тұсы болады. Оны тек бапкері мен сол ойыншының өзі ғана біледі.

Қолдау болмаса, ұлттық спорт дамымайды

Расы керек, қолдау болмаса қай спорт болмасын дамымайды. Бұрынғы аудан әкімі Лавр Рашидұлы, қазіргі аудан басшысы Наурызбай Қадырбайұлы және спорт саласындағы аға-әпкелеріміз үнемі қолдау көрсетіп отырады. Сол себепті тоғызқұмалақ спорты ауданда өте қарқынды дамуда. Облыстағы сыралғы қарсыластарымыз: «Шағын ауданнан небір чемпиондар шығып жатыр. Бұл қалайша?» деп үнемі таң қалады. Мен оларға айтамын: «Біздің формула өте қарапайым. Еңбек, еңбек, содан кейін қолдау» деп. Жеке кәсіпкер Саламат Сертеков ағамыз

талай мәрте қолдау көрсетіп, тоғызқұмалақшы балалардың жол шығынын көтерді. Әр кез көмек қолын созатын Саламат ағама ризашылығымды айтып жүремін. Спорттың дамуы үшін басшылық тарап пен қалталы азаматтардың қолдауы ауадай қажет.

«Жеңесің!» деп жігер беремін

Баратын жарысты айтып, балаларға сол жарыста қалайда орын алу керексің деймін. Бала соны өзіне қабылдап, дайындықта барлық нәрседен алшақтап, алаңсыз жаттығуға кіріседі. Жұмада 5 мәрте тоғызқұмалақтың кабинеті дайындықтан босамайды. Қысқы, күзгі, көктемгі демалыстарда үзіліссіз дайындықта боламыз. Қарсыластарымыздан мықты болуымыздың бір себебі де осы. Кім көп еңбек етті, көп жаттығу жасады, кімнің ақыл-ойы мықты, есепке жүйрік сол адам жеңіске жетеді. Төрешілер тарапынан бұра тарту деген болмайды. Барлық жүрістің жазбалары болады. Жылдам ойнау түрінде ғана аз ғана келіспеушілектер орын алады. Онда да дау тудыратындай емес, «Мына құмалақ неге мына отауға түсіп кетті?» деген сынды майда сұрақтар. Жарыс алдында балаларға жігер беріп сөйлеймін. «Өзің сияқты

бала ғой, құдды жаттығудағыдай оп-оңай ұтып аласың» деймін. Өз басым тоғызқұмалақ ойынынан облыстағы ең мықты деген ойыншылардың және олардың қандай әдіспен ұтатынына дейін білемін. Жеребе анықталғанда мықты деген спортшымен түскен шәкіртіммен бірге жоспар құрамыз. «Ол 7 отаудан бастап жүрсе, оған басқаша жауап бер» деген сияқты немесе «Ойынның орта тұсында қателік жібереді, сол кезде мұқият бол» деген-

дей кеңестер айтамын. Қазіргі таңда үздіксіз дайындықтамыз. Болашақта арманым – ауданымыздан тоғызқұмалақтан Азия, Әлем чемпиондарын шығару…

«Шәкірттерімнің жеңісі –менің жеңісім»

Жұмалап, айлап, жылдап дайындаған еңбегің еш кетпей, шәкірттерің сеніміңді ақтап, облыстық, республикалық жарыстан орын алып, жеңімпаздардың тұғырына шығып жатқанда көзіңе жас келеді. Ондағы сезімді айтып жеткізе алмаймын. 300 спортшының арасынан оқушың жеңгенде ұшып жүресің ғой.Келесі жарыста тағы алғың келеді. Былайша айтқанда, жеңіске тоймайсың. Жеңе берсе екен дейсің. Биыл біздің аудан

бойынша тарихи оқиға жасадық. Үш оқушым республикалық чемпионаттан алтын алды. Бұндай оқиға облыс аудандарында бұрын-соңды болмаған. Осыдан 3 жылдай уақыт бұрын бір ата-ана қос бірдей ұлын үйірмеге жетектеп әкелді. «Осы екі балам тоғызқұмалаққа қатыссыншы, үйретіңізші, есепке ебі бар секілді» деді. Балаларының қабілеттерін қарадым. Ата-аналары қос ұлына көп қолдау білдіріп, ерекше көңіл бөлді. Алғашқы жылдары жарысқа бізбен бірге барып жүрді. Қос ұлы жыл жарым уақыттың ішінде өте жақсы нәтиже көрсетті. Дайындықтардан себепсіз қалдырмады. Дұрыс дайындық пен мол тәжірибенің арқасында үлкені «Спорт шеберлігіне үміткер» болса, кішісі

ел чемпионы атанды. Бір үйден қос бірдей ел чемпионы шықты. Аналары Орынай Сапарова мұғалім болғансын ба, ұлдарына қаржылай да, моральдық тұрғыдан да, психологиялық бағытта да үлкен қолдау білдірді. Осындай ата-аналарды көргенде жұмыс жасауға құлшынысың артады. 

Түйін: Баламен жұмыстанатын бапкердің сойы бөлек болады. Оларда уақытпен санасу, себепсіз жаттығу қалдыру деген нәрселер болмайды. Біз әңгімесін тыңдаған Қайрат Маратұлы да сондай талантты бапкерлердің сапында. Ұлттық спорт осындай бапкерлердің жұмыстануының нәтижесінде дамиды.

Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ, Жаңақала ауданы

Бөлісу

.