16 қазан, Сәрсенбі

Батыр Жүкембаев: DAZN мен Golden Boy қызығушылық танытып отыр

0

Қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев (16-0, 13 КО) екі бірдей чемпиондық титул үшін өткен жекпе-жегінен соң елге оралды, – деп хабарлайды Qsport.kz порталы.

—   Қарсыласым болған азулы мексикалық боксшыны құрған жоспарға сәйкес 10 раунд нәтижесінде ұпай санымен айқын ұттым. Осы маңызды жеңісімнің арқасында мен бұдан да үлкен титулды айқастарға даяр екендігімді әлемге паш ете алдым. Бұл тек бастамасы. Осындай қолдаушы халқым барда, мен тек биіктерді бағындыруға ұмтыла түсемін. Ендігі мақсат АҚШ-та мықтылармен жұдырықтасу. Қазіргі таңда  DAZN секілді ақылы платформалар мен Golden Boy маған қызығушылық танытып отыр. Таяуда келіссөздер бастаймыз. 

Жеңісімді халқыма арнаймын.  Жылдың соңына дейін тағы да бір титулды жекпе жек өткізу ойымда бар.  Баршаңызға рақмет. – деді Батыр Жүкембаев елге орала сала журналистерге берген сұқбатында.

«777» лақап атымен танылған кәсіпқой боксшымыз бар-жоғы 2,5 жыл уақыттың ішінде, осымен төрт бірдей чемпиондық белдіктің иесі атанып отыр. Бұған дейін IBO International және WBC Continental Americas белбеулерін жеңіп алған еді. Бүгінде беделді Boxrec рейтингінде әлемдегі бірінші жартылай орта салмақтағы 2 мың боксшының ішінде, Батыр 19-шы орынға көтерілді!

Айта кетейік, WBC тұжырымының Америка аймағы бойынша чемпиондық белбеудің иегері Батыр Жүкембаев (16-0, 13 КО) «Канелоның» бұрынғы қарсыласымен болған жекпе-жекте жеңіске жетті.  Бірінші орта салмақта жұдырықтасатын отандасымыз  Монреаль қаласында өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде 2010 мен 2014 жылдар аралығы жеңіл салмақта IBF чемпионы болған Мигель Васкеспен (41-8, 15 КО) жұдырықтасып, он раунд қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетті. Осылайша Жүкембаев WBA Continental және IBF Inter-Continental белбеулерін иеленді.

Бөлісу

.