6 желтоқсан, Жұма

Әлемдік деңгейдегі қазақ бапкері: Заңғар Жәркешев

0

Спорт саласында қазақтың ақыл-ойының еш халықтан кем еместігін қолмен қойғандай дәлелдеген, бапкерлік білігімен кешегі Совет одағын ғана емес, бүкіл Еуропа волейболын мойындатқан Заңғар Жәркешевтей майталман жаттықтырушымыз болғаны қалың жұртшылықтың жадында жүрсін, деген ниетпен осы мақаланы жазып отырмыз.

Октябрь Жарылғапов негізін қалаған қазақ волейболының көрнекті өкілінің бірі әрі бірегейі Заңғар Асанханұлы екенін кейінгі жастар біле бермейді. Октябрьдей марғасқадан кейін 1961 жылы «КСРО спорт шеберінің» күміс жетонын кеудесіне жарқырата таққан қазақ волейболшылары Жәнібек Сауранбаев, Заңғар Жәркешев, Жұмаш Махмұтовтарды қатпары қалың тарих қойнауына тастап қоюға болмайды. Заңғар Жәркешев қазақ волейболы аяғын тәй-тәй басқан сонау елуінші жылдардың екінші жартысында елге танымал ойыншы болды. Кейін дүркіреп аты шыққан «Буревестниктің» қалыптасу, шырқау кезеңдерін басынан өткерді. Қазақстандағы ғана емес, Совет одағындағы белді волейболшылардың қатарына енді. Бұған дәлел: Жәркешевтің КСРО жастар құрамасына кандидат болып тіркелуі. 1936 жылы дүние есігін ашқан Заңғар ағамыздың одақтың жастар құрамасына үміткер атанған кезі елуінші жылдардың екінші жартысы екені анық.

Зиялы отбасында өмірге келген Заңғар мектеп қабырғасында математика мен физикаға жүйрік болыпты. Жаратылысынан есепке, ғылымға бейім бозбаланың Қазақ тау-кен институтына оқуға түсуі де кездейсоқ емес. Бірақ Заңғар инженер болған жоқ, есі-дерті волейболға ауып, Қазақ дене шынықтыру институтының табалдырығын аттады.

1965 жылы Қазақстандағы волейбол мамандарынан бірінші болып «КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағына ие болған Октябрь Жарылғапов республикалық спорт комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалады да, ол кісі өз орнына Заңғар Жәркешевті лайық көреді. Бұл оқиға туралы Жәркешевтің өзі былай деп әңгімелейді: «Ұстазым Октябрь Қыдырбайұлы бір күні мені жеке алып шықты да: «Буревестниктің» аға жаттықтырушысы болуға қалай қарайсың?» деді. Мен қапелімде не деп жауап берерімді білмедім. Туған әкеміздей болған Жарылғапов бұл кезде одақтағы ең үздік жаттықтырушының бірі еді. Ал осындай маманның сенімін ақтау, бастаған жолын лайықты жалғастыру қолымнан келе ме, келмей ме? Бұл жағы дәл сол сәтте мен үшін белгісіз еді. Жағдайымды түсіне қойған Октябрь аға: «Ойлан», деді. Араға біраз уақыт салып, тәуекелге бел будым…»

Сөйтіп, Заңғар Жәркешев небәрі 29 жасында Совет одағының жоғары тобында ойнайтын білдей бір команданың бас жаттықтырушысы боп шыға келді. Екінші жаттықтырушы қызметіне оның үзеңгілес досы, республика волейболының тұма бастауынан қанып ішкен белгілі спортшы Марат Мәденов тағайындалды. Міне, қараңыз, ата-бабалары волейбол дегеннің не екенін білмеген халықтың екі азаматы осылайша әлемдегі ең үлкен державаның чемпионатына команда дайындайтын ауыр да абыройлы міндетті мойындарына алды.

Заңғар Жәркешев команданы сақа мамандарша алға сүйрей жөнелді. Жаспын деп жасымады, тәжірибем кем деп күмәнға бой алдырған жоқ. Волейболдан жер шарындағы ең күшті мемлекеттің бірі саналатын Совет одағының басты бәсекелеріне жігіттерін алмас қылыштай қайрап салды. Жарылғапов бабына келтіре баптаған «Буревестник» Жәркешевтің келуімен құлашын бұрынғыдан да кең сермеді. Оның қамал бұзып, тас жарған, асау өзендей буырқанған дарыны қарағайдай-қарағайдай кілең талантты ойыншылардың кілтін тауып баптаумен, бір мақсатқа жұмылдырып, өрге бастаумен жарқырай көрінді.

1966 жылы Алматының «Буревестнигі» Совет одағы чемпионатында 4-орынды бағындырды. Жәнібек Сауранбаев қазақ жастарынан бірінші болып әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Осы жылы Жәркешев пен Мәденов жаттықтырған Қазақстан құрамасы Совет одағының универсиадасында жеке-дара шықты. Бұл айтуға ғана оңай. Себебі, советке қараған 15 одақтас республика мен Мәскеу, Ленинградтың (қазіргі Санкт-Петербург) ең күшті студенттік командаларын және Еуропаның азулы клубтарын артқа тастау Заңғар Жәркешев сынды қалыпқа сыймайтын бас жаттықтырушының ғана қолынан келетін ерлік болатын. Ол кезде Еуропа мен Совет одағында студенттер спортына айрықша мән берілді. Мәскеудің «Буревестнигі», Харьковтың «Буревестнигі», Одессаның «Буревестнигі», Бакудің «Буревестнигі», Тбилисидің «Буревестнигі», Минскінің «Буревестнигі»… Бұлардың бәрі студенттер қоғамының командалары еді.

Заңғардың ақыл-ойға суарылған бапкерлік қуатын Мәскеу мойындайтын күн туды. Заңғар Асанханұлы қазақтың спорт тарихында бірінші болып 1966 жылы Совет одағы студенттер құрамасының аға жаттықтырушысы қызметіне тағайындалды. Ойлап қараңыз, 1918-1945 жылдарда жойдасыз қырғынға ұшырап, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары халық саны жағынан өз жеріндегі үлесі отыз пайызға да жетпей, әбден селдіреген қазақ жұртының волейболдағы шыққан биігі осындай еді. Бүтін бір империяның мыңдаған волейболшылары арман қылған студенттер құрамасының тізгінін алаштың арда ұлы Заңғар Жәркешев ұстапты. 1970 жылы Жәркешев баптаған КСРО студенттер командасы студенттердің дүниежүзілік универсиадасында күміс жүлдеге қол жеткізді. Заңғар Асанханұлы советтің студенттер құрамасының тізгінін алты жыл ұстады.

1967 жылы Қазақстанның волейбол құрамасы КСРО халықтарының жазғы спартакиадасында тұңғыш рет қола медальді жеңіп алды. Бұл табыс Жәркешев пен Мәденов командасының үнемі өрлеу үстінде екенін дәлелдеді. Жәнібек Сауранбаев пен Валерий Кравченко Совет құрамасы сапында Еуропа чемпионатында топ жарды. Олег Антропов пен Александр Портной КСРО жастар құрамасына енді. Команда капитаны Жәнібек Сауранбаев, Олег Антропов, Валерий Кравченко және Геннадий Гончаров маусым соңында Совет одағының ең таңдаулы 24 волейболшысының қатарына енсе, дарынды қазақ волейболшысы Еңсебек Иманғалиев жүлдегер команда құрамына берік орнықты.

1968 жылы Жәркешевтың шәкірттері КСРО чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Валерий Кравченко мен Олег Антропов осы жылы Мехико олимпиадасының алтын медалін кеуделеріне жарқырата тақса, КСРО құрамасының бапкерлері майталман волейболшы Жәнібек Сауранбаевты Олимпиадаға апармай қойды. Ұзақ жыл Риганың «Радиотехник» командасының, кейін Совет одағы құрамасының аға жаттықтырушысы болған Геннадий Паршин: «Сауранбаев өз заманында дүние жүзіндегі ең үздік дәнекердің(связующий) бірі болды», дейді. Совет құрамасын әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарының күміс тұғырына, Еуропаның алтын белесіне, Латвия құрамасын КСРО халықтары спартакиадасының, «Радиотехникті» үш рет Еуропа кубогының ұшар басына бастап шыққан Паршин мырза сөзін босқа шығындайтын адам емес.

1969 жылы мамыр айында «Буревестник» волейболшылары «әке» деп қадір тұтқан Октябрь Жарылғапов 37 жасында өмірден озды. Сан мыңдаған адамның қабырғасын қайыстырған қаза үстінде команда капитаны Жәнібек Сауранбаев «Ұстазымыздың құрметіне биыл одақ чемпионы боламыз!» деп ант берді. Спорттағы сауысқандай сақ кейбір басшылар Сауранбаевтың бұл сөзін жақтырмады. Бірақ Жәркешевтің жампоздары сертте тұрып, тұңғыш рет Совет одағы чемпионатының бас бәйгісін ұтып алды. Шын мәнінде бұл қазақ волейболшыларының тарихи жеңісі еді. Тарихқа жүгінсек, одаққа қараған азиялық республикалардың арасынан доп ойындары бойынша КСРО чемпиондығын алғаш олжалаған Жарылғапов пен Жәркешевтың қырандары болатын. Осы маусымда қазақтың Амангелді Сұлтановтай дарынды ұлы дауылпаз команда сапында КСРО чемпионы атанды. Бұл жылдары Жәркешев командасының ойындарына билет алу үшін жанкүйерлер таң бозынан кезекке тұратын болды. Сауранбаевтай капитаны бар «Буревестниктің» өнерін көруге алыс аймақтардан автобус жалдап келушілер көбейді. Қазіргі Балуан Шолақ сарайының маңайы құмырсқаның илеуіндей қайнап жататын.

1960,1962 жылдары әлем чемпионы, 1964, 1968 жылдары Олимпиада жеңімпазы болған Совет одағындай волейбол державасының ұлттық чемпионатында жеке-дара шыққан «Буревестниктің» алдынан Еуропа қақпасы айқара ашылды. Еуропаның волейбол мамандары мен ойыншыларының басым көпшілігі әуелде Совет одағының құрамында қазақ деген халықтың, Қазақстан атты республиканың барын білмепті. Заңғар Жәркешев пен Марат Мәденовтың жігіттері атой салған ойындардан кейін олар таңданыстарын жасыра алмай, «біз қазақтар туралы естімеген едік», депті бүкпесіз көңілден. Ал 1970 жылы «Буревестник» Еуропа чемпиондарының кубогын алғаш жеңіп алғанда «қарт» құрылықтың спорт мамандары мен жанкүйерлері қазақты танып қана қоймай, мойындай бастады. Франция волейболшыларының біздің командаға сүйсінгені сондай, олар: «сіздермен бірге жаттығып, шеберлік шыңдағымыз келеді», деп тілек білдірді. Жәркешев келісті.

1971 жылы «Буревестник» Еуропа чемпиондарының кубогын екінші мәрте қанжығаға байлаған мерейлі сәтте Совет одағы құрамасының және ЦСКА-ның бас жаттықтырушысы, екі дүркін әлем чемпионы, Олимпиада жеңімпазы Юрий Чесноков былай деді: «Буревестник» біз ала алмаған қамалды бағындырды. Иә, кезінде ЦСКА командасы чехтардан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалған еді…» Иә, алматылықтар екі жыл қатарынан Еуропаның күшті клубтарын бет қаратпай жеңді. Ол кезде әлемдік волейболда Еуропаның десі басым еді. Совет құрамасының сол тұстағы басты жетістіктерін жоғарыда айттық. Олардың басты қарсыластары Чехословакия 1966 жылы, ГДР 1970 жылы әлем чемпиондары болса, Болгария мен Румыния құрамалары әлемдік біріншіліктің күміс жүлдегерлері еді. «Буревестник» Еуропа кубогы үшін шешуші айқастарда негізінен әлем чемпиондары мен жүлдегерлерден құралған клубтардан басым түсті. Бұл нені білдіреді? Бұл Жәркешев баптаған «Буревестниктің» 1968-1972 жылдарда дүние жүзіндегі ең күшті клубтық команданың бірі болғанына нақты дәлел. Еуропа кубогын екі жыл қатарынан уысында ұстаған командада Сауранбаевтан басқа Амангелді Сұлтанов пен Төленді Ахметжанов секілді қазақ волейболшыларының болғанын да айтуға тиіспіз.

Енді Алматы волейбошыларының осынша дүркіреуінің себебін іздеп көрейік. Сөзіміз құрғақ долбар, арзан ой боп қалмауы үшін нақты деректерге жүгінеміз. Ең әуелі ел волейболының тұма бастауында Октябрь Жарылғаповтай ақылды, абыройлы әрі іскер азаматтың тұрғанын ұмытпауымыз керек. Октябрь Қыдырбайұлы волейболға ойлы әрі шебер ойыншыларды тартты. Ол кісінің Заңғар Жәркешевтей әлемдік деңгейдегі бапкерді бозбала кезінен баптап, шыңдап шығаруы, Сауранбаев, Кравченко, Антроповтай саңлақтарды көп баланың арасынан жазбай тануы, терең ізденіс пен шынайы сыйластықтың арқасында жұмылған жұдырықтай команда жасақтай білуі Заңғарға тамаша өнеге болды. Ал Заңғар Жәркешев Геннадий Паршиннің пікірінше: «Табиғатынан дарынды әрі қалыпқа сыймайтын адам. Әр ойыншының табиғи бейімін дөп басып, ерекшелігін көре білетін, командадағы күшті спортшылардың жеңіске қажетті қасиеттерін ұштастырып, шыңдауға келгенде нағыз ұста еді. Осындай терең ізденістің нәтижесінде қарсыластар «Буревестниктің» сан қырлы тактикасының жұмбағын шеше алмай дал болатын».

Заңғар Жәркешев әлемдік волейболда тыңнан соқпақ салған жаңашыл бапкер. Ол кезде волейбошылар әріптесіне пас берген сәтте орнында тұратын. Ал Жәркешев шәкірттеріне жерден өкше үзіп, ауада ілініп тұрып пас беруді үйретті. Бұл сол тұстағы әлемдік волейбол үшін жаңалық болатын. Жәркешев бірнеше маманмен бірге волейболшы-шабуылшының шеберлігін жетілдіріп, соққысын шыңдауға қажетті станок ойлап тапты. Бұл станок 1982 жылы арнайы құжатпен заңдастырылды. Тоқ етері, асқар шыңның басын үнемі аппақ қар басып жатса, Заңғар бапкердің басы тың әрі терең идеяға, тосын шешімге толы болатын.

Қыдырбек Рысбек

Бөлісу

.