19 қыркүйек, Бейсенбі

Әлемдік деңгейдегі қазақ бапкері: Едіге Жаров

0

Спорттық гимнастикадан КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Халықаралық гимнастика федерациясы ерлер техникалық комитетінің мүшесі, 1988 жылғы Сеул олимпиадасының 2 дүркін жеңімпазы, әлемнің бірнеше мәрте чемпионы Валерий Люкин мен Канада тарихындағы гимнастикадан тұңғыш Олимпиада чемпионы Кайл Шифелттің ұстазы, қазақ бапкері Едіге Жаровпен сұхбат.

– Атыңызға сыртыңыздан қанықпыз. 1988 жылғы Сеул олимпиадасының жеңімпазы Валерий Люкиннің жеке бапкерісіз. Сақа, сарытіс жанкүйерлер болмаса, кейінгі жастар жағы сізді біле бермейді. Қазақ екеніңізді спорт жанкүйерлеріне өз аузыңыздан айтып берсеңіз…

– Қазақпын! 1952 жылы 19 қаңтарда Алматы облысының Нарынқол ауылында дүниеге келдім. Әкем Нұрмахан Жаров 1930 жылы Нарынқолда дүние есігін ашып, 1957 жылы қапияда өмірден озды. Анамның аты-жөні – Нұри Салауатқызы. Әкем қайтыс болған соң Алматыға, әжеміздің қолына көшіп келдік.

— Балалық шақ, гимнастикаға ден қойған арманшыл күндерді көкейде қайта жаңғыртып көрсек.

— 11 жасымнан спорттық гимнастикамен шұғылдандым. Мені гимнастика залына ертіп келген Александр Георгиевич Калиш болатын. Сол кісінің қол астында тер төккен күндерім әлі көз алдымда. Шыны керек, гимнасшы ретінде биік белестерге жете алған жоқпын. Бірақ бапкерімнен көп нәрсе үйрендім. Гимнастиканың әліппесін көкейге мықтап тоқыдым.

– Едіге Нұрмаханұлы, Валерий Люкинді қалай жолықтырдыңыз?

– Әлі есімде, республикалық жарыста жұқалтаң келген сары бала көзіме оттай басылды. Валера сол сында жеңімпаз, жүлдегер болған жоқ. Бірақ ойлы, өжет қимылымен мені баурап алды. Әр жаттығуға жан-тәнімен беріліп, мінсіз атқаруға тырысады. Көзіне қарасам, ой тұнып тұр екен. Жарыс біткен соң республикалық «Спартак» ерікті спорт қоғамының төрағасы Мәжит Омарғалиевқа барып, Ақтөбеде Валера Люкин деген бала тұратынын, сол баладан болашақта мықты гимнасшы шығуы мүмкін екенін айтып, іссапарға жіберуін өтіндім. Мәжит аға қарсы болған жоқ.

Ақтөбеде Валераның ата-анасымен кездестім. Баланың болашағы Алматыда екенін, егер ол кісілер рұқсат берсе, Валераның біздің үйде тұратынын, баланың бар жауапкершілігі менің мойнымда болатынын жеткіздім. Сол кезде небары 25-те екенмін, бір отбасының 11 жастағы әлпештеген баласын қасыма алуға қалай тәуекел еттім, тұтас бір отбасының жауапкершілігін қалай ғана мойныма жүктедім, деп кейде өзіме-өзім сұрақ қоямын.

1977 жылдан бастап Валерий Люкин біздің үйде тұра бастады. Анам ас-суын әзірлеп, киім-кешегін жуып берді. Мектепке, мектептен кейін гимнастика залына бірге баратынбыз. Үйге бірге қайтамыз. Күніне 6-7 сағат тер төгетінбіз. Валера менің жаттығу жүйеме тез бейімделді. Жаттығудың ауырлығына мойыған жоқ. Тез көндікті.

– 25 жасыңызда тәуекелге бел буыпсыз. Жеңіс, нәтиже көп күттірді ме?

– Қазақстан біріншіліктерінде бірнеше мәрте топ жарған біздер 1980 жылы Тольяттиде өткен Кеңес одағының жастар чемпионатына қатыстық. Күтпеген жерден Валерий Люкин КСРО чемпионы атағын жеңіп алды. 1981 жылдан бастап бізді КСРО-ның жастар құрамасының оқу-жаттығу жиынына шақыра бастады.

– Сол тұста КСРО гимнасшыларының атағынан ат үркуші еді. Кілең дарабоз бас қосқан Кеңес одағының ұлттық құрамасына cіздерді қай жылы шақырды?

– 1986 жылы КСРО ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиынына қатыстық. Осы жиын соңында совет құрамасының бас бапкері Леонид Аркаев: «Келесі жиынға еркін жаттығуда үш мәрте сальто жасауды меңгеріп келіңдер», – деп тапсырды. Бұл – өте күрделі тапсырма еді. Біздің басты қарсыласымыздың бірі қытайлықтардың осы жаттығуға құлшына кіріскенін естігенбіз. Күн тәртібіндегі ендігі мәселе: халықаралық жарыста бұл жаттығуды кім бірінші орындайды? КСРО ма, Қытай ма?

1987 жылғы Еуропа чемпионатында Люкин дүние жүзі бойынша еркін жаттығуда үш мәрте сальтоны бірінші болып жасап, құрлық чемпионы атанды. Бұл жаттығу және біздің басқа да тың жаңалықтарымыз халықаралық ережелер кодексіне «Liukin» элементі болып тіркелді. Сол чемпионатта Валерий 5 алтын, 1 күміс, 1 қола медальге ие болып, Еуропаның абсолютті чемпионы атағына қол жеткізді.

1987 жылы Валерий КСРО чемпионатында көпсайыста жеке-дара шықты. Әлемге әйгілі Дмитрий Билозерчев, Валентин Могильный, Юрий Королев секілді мықтылар менің шәкіртіме жол беруге мәжбүр болды. Осы жерде Валераның басты қарсыластарына тоқтала кетейін: Дмитрий Билозерчев 1983,1987 жылдардағы , ал Юрий Королев 1981,1985 жылдардағы әлемнің абсолютті чемпиондары.

Сол жылы Роттердамдағы әлем чемпионатына Валерий КСРО құрамасының көшбасшысы болып барды. Ертең жарыс деген күні жаттығу залында біраз тер төктік. Жаттығу соңында Валера «Цукахара» элементін екі рет жасап, «Ұстаз, тағы бір секірсем қалай болады?»,- деді. Қарсы болған жоқпын. «Цукахара» әдісімен секірген Валера дік етіп түскен жерінде тұрып қалды. Ойымда ештеңе жоқ, «Валера неғып тұрсың, кешкі асқа барайық», дедім. «Жарысқа қатыса алар ма екенмін?», — деді Валера барынша сабыр сақтап. «Жүр, кеттік», — дедім әлі де ештеңеге түсінбей. «Жүре алмаймын». Аяғына қарасам, тобығы көз алдымда бұлтиып ісіп шыға келді. Маңдайға жазылған бейнеттен қалай қашып құтыласың. Роттердамда өткен әлем чемпионатында Люкин жарақатына қарамай, 2 алтын, 1 күміс медальді жеңіп алды.
Сеул олимпиадасында Валерийге бұйырғаны — 2 алтын, 2 күміс медаль.

— Едіге аға, егер сіздер еркін жаттығудағы үш мәрте сальтоны меңгермегенде ұлттық құрамаға табан тіреп, орнығу мүмкін бе еді?

— Оқу-жаттығу жиындарына шақыруы мүмкін, бірақ айтулы бәсекелерге бара алмас едік. Құрама сапында 8-10 жыл үздіксіз тер төгіп, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатына жолы түспеген мамандар мен спортшылар аз болған жоқ. Мысалы, Люкин екеуміз КСРО құрамасының сапында 10 жыл тер төктік. Бір апта — үйде, үш апта – Мәскеудегі КСРО құрамасының оқу-жаттығу жиынында. Бала-шағасы бар адам үшін табандатқан 10 жыл бойы осылай бейнет кешу оңай ма.

Біз жаңалық жағынан еркін жаттығудағы үш мәрте сальтомен ғана шектелген жоқпыз. Әлемде, Кеңес одағында ешкім жасамаған бірнеше элементтеріміз болды. Сол әдістердің бірі — белдемеде (турник) 360 градус бұрылыспен алға бүгіліп жасайтын сальто. Бұл әдісті де дүние жүзінде біз бірінші болып меңгердік. Халықаралық ережелер кодексіндегі «Liykin» элементінің құрамына бұл сальто да енді.

– Бапкерлік кәсіпті ғалымдық дәрежеге көтеріпсіз, аға. Егер сіздің шығармашылық қуаты мол, терең ізденісіңіз болмағанда, Люкиннің әлемдік гимнастика тарихындағы ең үздік гимнасшының бірі болуы екіталай еді. Қазақтың ғана емес, бүкіл спорттық гимнастиканың бапкерлік мектебін жаңа саты, соны белеске жеткізіпсіз. Ақиқатына келсек, КСРО құрамасы сіз үшін де шыңдалу, ізденіс мектебі болды емес пе…

– Маған «КСРО құрамасының сапындағы жылдарыңыз сізге қандай пайда берді?», деген сауалды жиі қояды. Кеңес одағы құрамасындағы 10 жыл мені ең алдымен төзімділікке баулыды. Күнделікті үш мәрте жаттығу, белгілі бір әдіс-тәсілді күн сайын бірнеше рет қайталайсың. Әрбір әдіс-тәсілді көзді жұмып жасайтын деңгейге жетуің керек. Ал тосын қимыл, тың жаттығуларды үйде түзесің, үйде ұштайсың. КСРО құрамасында шығармашылық ізденіске уақыт жоқ. Себебі, ұлттық құраманың жиынына күш-қуаты толысқан, техникалық шеберлігі жетілген, жүйкесі берік, өзіндік қолтаңбасы бар спортшылар ғана іріктеліп шақырылатын. Тоқ етері, ұлттық құрама білгеніңді әлемдік деңгейде жетілдіріп, кем-кетігіңді жонып түзейтін мықты механизм болды.

Валера екеуміз КСРО құрамасының бар бейнетіне төздік, жүйкені жүндей түткен небір пендешіліктерге, қиыншылықтарға мойымадық. Құрамада басқа одақтас республика спортшыларына қарағанда ресейліктердің десі басым болды. Ұлттық құрамаға табан тіреуің үшін ресейлік спортшыдан оқ бойы алда тұруың керек. Ресейліктерге берілген бұл артықшылық бізді қатты қамшылады. Намыс үшін аянбадық. Бір сәт кері шегінген жоқпыз

Бірде ол мені өзі тұратын Даллас (АҚШ) қаласына жарысқа шақырды. Дүниенің әр қиырынан жиналған 200 адамдық дастархан үстінде «Менің құдайдан кейінгі сыйлайтын бір адамым бар. Ол – бапкерім Едіге Жаров», деді. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт бола ма?!

– Едіге аға, енді Сеул олимпиадасынан кейінгі бапкерлік белесіңіз туралы айтсаңыз.

– Сеул олимпиадасынан кейін Франция мамандары қолқа салды. 1990 жылы отбасыммен осы елге көштім. Францияның ұлттық құрамасын баптадым. Бүтін бір мемлекеттің гимнастикасын өрге сүйреу үшін табандатқан он жыл арпалыстым. Еңбегім еш кеткен жоқ. 1995 жылы шәкіртім Жил Стабло жеке жаттығуда Еуропаның 2 дүркін чемпионы атанып, көпсайыста күміс жүлдеге қол жеткізді. Тағы бір шәкіртім 1997 жылы Франция чемпионатында топ жарды. Францияның жастар құрамасына үш шәкіртім енді. Бірақ жауапты бәсекелер кезінде ұлттық кемсітушілікті көп көрдім. Оқу-жаттығуда құраманың бар бейнетін көтересің, ал жарыс алаңына шәкірттеріңмен бірге шығуға хақың жоқ. Шәкіртіңнің жарыстағы өнерін бапкер бөлмесіндегі теледидардан немесе трибунадан тамашалайсың. Мұндай кемсітушілікке қашанғы төзесің. 2000 жылы Канадаға қоныс аудардым.

Мен барған тұста Канада гимнастикасының жағдайы мәз емес еді. 1999 жылғы әлем чемпионатында елдің ұлттық құрамасы 18-орынға ие болса, 2001 жылы 12-орынға көтерілді. 2003 жылғы әлем чемпионатында Канада гимнасшылары тарихта бірінші рет командалық 5-орынға табан тіреді.

Канада гимнасшылары 1976 жылдан кейін Олимпиада ойындарына толық құраммен 2004 жылы, 28 жыл үзілістен соң бір-ақ қатысты. Афины олимпиадасында канадалық Кайл Шифелт еркін жаттығуда Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды. Шифелтке дейін Канада тарихында гимнастикадан Олимпиада чемпионы болмаған екен.

2005 жылы Брандон Онил әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бұл жігіт екі рет Әлем кубогын жеңіп алды.

– Енді әңгіме арнасын Халықаралық гимнастика федерациясымен қарым-қатынасыңызға қарай бұрсақ.

– 1991 жылы Халықаралық гимнастика федерациясы (ХГФ) бапкерлердің білімін көтеру академиясын ашты. Академияға техникалық эксперт таңдау үшін ХГФ — АҚШ, Жапония, Ресей, Англия, Италия, Румыния, Украина, Қытай т.б. мемлекеттерден білікті деген мамандарды шақырып, емтихан алды. Сол емтиханның қорытындысы бойынша мен үздік шығып, академияның эксперті қызметіне қабылдандым.1999 жылдан бастап жер шарының әр түкпірінде ағылшын, француз, орыс тілдерінде лекция оқыдым.

2005 жылы ХГФ президенті Брюно Гранди федерациясының техникалық комитетіне мүшелікке таласуға кеңес берді. Сөйтіп, 2008 жылы ХГФ-нің Хельсинкиде өткен конгресінде Канаданың атынан сайлауға түсіп, ХГФ ерлер техникалық комитетінің 6 мүшесінің бірі болып шыға келдім.

– Сіздің ХГФ-нің бас эксперті әрі техникалық комитет мүшесі болуыңыз — қазақ спорты тарихындағы соны қадам. Ал қазақ бапкерінің дүниежүзілік федерациясының белді мүшесі болуы, жер шарын аралап, дәріс оқуы – барша алаштың абыройы. Қайда жүрсеңіз де аман болыңыз.

– Туған ел жатсам да, тұрсам да есімнен шықпайды. Тасбауыр болып кетті демеңіздер, қазақ екенімді бір сәт жадымнан шығарған емеспін. Қазақ боп тудым, қазақ болып қаламын!

 Әңгімелескен  Қыдырбек Рысбек

Бөлісу

.