12 тамыз, Сәрсенбі

Әлемдік деңгейдегі қазақ бапкері:Қазбек Байболов

0

Қазақтың қай салаға салсаң да жарқырап, көсіле шабатын қасиетін қапысыз дәлелдеген сұңғыла жаттықтырушының бірі Қазбек Байболов болатын.

ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында республика спортын басқарған айтулы тұлға Қаркен Ахметов допты хоккейді дамыту үшін Ресейден Эдуард Айрихті арнайы алдыртса, Айрих тек допты хоккейдің майталманы ғана емес, маман таңдаудың да білгірі болып шықты. Ол кісі қасына серік болуға Қазбек Байболовты шақырды. Осы екі бапкердің тізе қосып, тер төгуі нәтижесінде Алматының «Динамо» допты және көгалдағы хоккей командасы өткен ғасырдың 70-80-жылдары Кеңес одағын ғана емес, бүкіл Еуропаны мойындатты. Бұл екі азаматты бір-бірінен бөле жарып қарауға болмайды. Адамның екі қолы, екі аяғы күнделікті тіршілік үшін қандай маңызды болса, «Динамо» командасы үшін Айрих пен Байболов сондай қымбат еді. Осы екі ұстаздың шәкірттерімен әңгімелесе қалсаңыз, қазір жер ортасынан асқан бір кездегі әйгілі спортшылар бірауыздан: «Айрих пен Байболов — команданың өзегі, бар жеңістің бастауы болды», дейді. Ақиқатына келсек, Эдуард Фердинандұлы «Динамоның» жалпы басшылығына жауап берсе, Қазбек Дәулетбекұлы жеңіс пен табыстың ұстыны саналатын оқу-жаттығу жиынын білгірлікпен атқарды.

Айрих пен Байболовтың шәкірті, допты және көгалдағы хоккейден Кеңес одағының 15 дүркін чемпионы, Еуропа чемпиондары кубогының 3 мәрте жеңімпазы, Мәскеу олимпиадасының қола жүлдегері, жеті жыл КСРО құрамасының капитаны болған Фарид Зигангиров: «Динамо» командасында ғылыми-кешенді топпен жұмыс істеуді ең алғаш қолға алған Қазбек Дәулетбекұлы болатын, — деп біз үшін бағалы деректі ортаға салды. – Байболов 1974 жылы көктемде Тәжікстанның Қорғантөбе қаласындағы жаттығу жиынына командамен бірге үш бейтаныс адамды ертіп барды. Басында бұл кісілер неге келді деп ойладық. Сөйтсек, олар ғылыми-кешенді топтың мамандары екен. Яғни, Байболов спорт пен ғылымды ұштастыруды жұрттың бәрінен бұрын бастады. Ол кезде Кеңес одағының допты және көгалдағы хоккейінде мұндай үрдіс жоқ еді. Ал спортшылардың белгілі уақытта норматив тапсыруын одақ бойынша ең алғаш 1972 жылы бастап, бір жүйеге келтірген де Байболов еді. Өз басым Қазбек Дәулетбекұлын допты және көгалдағы хоккейден ХХ ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарындағы әлемдегі ең үздік жаттықтырушылардың бірі деп есептеймін».

Пайғамбар жасынан асқан тарлан хоккейші осылай дейді. Зигангировтың пікірін бір ғана допты хоккеймен орайластырып дәлелдесек, мынадай дерек алдымыздан шығады: допты хоккей орыс халқына тән спорт; өткен ғасырдың 1957-1991 жылдары Кеңес одағының ұлттық құрамасы 17 әлем чемпионатының 14-інде жеңіс тұғырына көтерілсе, қалған 3 чемпионаттың 2-інде күміс, біреуінде қола медальді еншілепті. Дүние жүзі бойынша осы спорттың тізгінін берік ұстаған мемлекеттің чемпионатында Байболовтың шәкірттері екі дүркін чемпион, алты рет күміс жүлдегер, бес мәрте қола жүлдеге қол жеткізді. 1978 жылы Айрих пен Байболовтың командасы Еуропа чемпиондарының кубогын ұтып алды. Яғни, дәл осы жылы «Динамо» әлемнің ең үздік клубтық командасы атағына ие болды. Тағы бір құнды дерек: алматылық ұжым 1966 – 1981 жылдардағы одақ чемпионаттарында төртінші орыннан төмен түскен емес. Бұл мысалдар айтуға ғана жеңіл. Жиырмадан астам хоккейші жігітті бір тудың астына жинап, олардың бабын тауып, жағдайын жасау, спортшыларды әр ойын сайын қайрап отыру, әрқайсысының мінезіне төзу, қарсыластардың осал тұсын талмай іздеу, чемпионат кестесіне сай әлемдегі ең үлкен мемлекеттің о шеті мен бұл шетін шиырлап, жылына мыңдаған шақырым жол жүру, ізбасар дайындау, төрешілердің әділетсіздігіне төзу… несін айтасыз, Қазбек ағалар осындай өте ауыр әрі тынымсыз тірлікті жиырма жыл бойы қайыспай көтерді. Бапкерлік білігі мен спорттық нәтижесі өз алдына, шәкірттерінің алдында кісілік қасиеті мен адами болмысына кір жұқтырған жоқ.

Тарихи құжаттарға жүгінсек, Қазбек Байболов Қазақстанда допты және көгалдағы хоккейдің негізін салушы майталман мамандардың бірі. Спортшылық жолын Петропавл қаласының «Пищевик» командасында бастаған Байболов 1956 жылы Алматының «Буревестник» допты хоккей командасына ауысады. Осы команданың сапында Кеңес одағының чемпионатында сынға түседі. Кейін «Буревестниктің» атауы «Динамо» болып өзгереді. Қорғаушы Қазбек Байболов КСРО чемпионатында 183 рет айдынға шығып, қарсы қақпаға 25 доп соқты. Байболов – 1959 жылғы Кеңес одағы студенттер ойындарының жеңімпазы,1966 жылғы КСРО чемпионатының қола жүлдегері. Допты хоккейден КСРО спорт шебері атанған тұңғыш қазақ спортшысы.

Қазбек Дәулетбекұлы 1967 жылы бапкерлік қызметке біржола бет бұрды. Ол кісі 1978 жылға дейін Алматының «Динамо» командасының екінші жаттықтырушысы болды. Кеңес одағының көгалдағы хоккейден алғашқы чемпионаты 1970 жылы ұйымдастырылса, содан жетпіс сегізге дейін «Динамо» командасы бір құраммен қыста допты хоккейден, жазда көгалдағы хоккейден одақ чемпионатында ойнады. Яғни, Қазбек Дәулетбекұлы Қазақстандағы алғашқы кәсіби көгалдағы хоккей командасының негізін қалаушылардың бірі. Допты хоккейде команданың жаттығу жұмысына қалай басшылық жасаса, Қазақстанда жаңадан тұсау кескен көгалдағы хоккей спортының жаттығу жүйесін қалыптастыруда Байболовтың еңбегі ерен. Дегенмен, қысы-жазы толассыз доп қуу бапкерлер алқасы мен ойыншыларға тым қиын соқты. Соған орай, 1978 жылы Айрих көгалдағы хоккейшілердің бас бапкері болса, Байболов «Динамо» допты хоккей командасының тізгінін ұстады. Ол бұл қызметті 1978-1980, 1981-1983 жылдары абыроймен атқарды.

Осы жерде Айрих пен Байболовтың атақты шәкірті, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Борис Чехлыстовтың Қазбек Дәулетбекұлы туралы жүрекжарды сөзін қаз-қалпында келтіргенді жөн көрдік: «На поприще наставника и раскрылся его талант. К каждой тренировке он относился творчески. Ни одно занятие не было похожим на предыдущее. На наши тренировки приходили смотреть многие известные специалисты, особенно наставники соперников. Вспоминается такой случай. Мы были на выезде. За тренировкой, которую проводил Казбек Давлетбекович, как всегда, наблюдали россияне. После завершения занятий я сам видел, как один авторитетный специалист подошел к Байбулову и, обняв его, сказал: «Ты не тренировку проводил. Ты концерт для души дал». Не раз мы слышали лестные отзывы о наших занятиях и от прославленных игроков. К примеру, Евгений Папугин и Валерий Маслов говорили: «Вот почему алма-атинские динамовцы так здорово играют». Ни одна команда Советского Союза не проводила таких тренировок, даже московское «Динамо», костяк которой составляли члены национальной сборной.

Уделяли наши воспитанники внимание не только тактике и стратегии, но и физическим упражнениям. Байбулов все время твердил: «Если вы выдержите два тайма и еще сыграете на таком же уровне дополнительный матч, вам равных не будет». Так готовил он нас морально и психологичес¬ки. Через некоторое время динамовцы «рвали» всех. Забивали очень много. Некоторые соперники считали за честь, что в их воротах побывало меньше десяти голов».

«Біздер үшін Айрих пен Байболов туған әкеміздей болды, — дейді Борис Чехлыстов. — Маған Мәскеудің «Динамосына ауыссаң, әлем чемпионатына барасың деді. Мен ұстаздарымды қимадым. Содан КСРО құрамасына алмай қойды». Бәлкім, ұстаз бақыты дегеніміз осы шығар. Допты хоккейдегі ең жоғары дәреже әлем чемпионы атану болса, Чехлыстов ұстаздарын сол атаққа айырбастамапты.

Халқымыз: «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дейді. Кезінде талай адамдар Кеңес одағынан асып, Еуропаны мойындатқан Эдуард Айрих пен Қазбек Байболовтың ұзақ уақыт бір командада үзеңгі қағыстырып жұмыс істегеніне қайран қалған екен. Ал «Динамоның» жігіттері: «Айрих пен Байболов жұмысқа байланысты ой жарыстырып, пікір таластыратын, бірақ жұрттың алдында қызыл кеңірдек болып айқасқандарын көрмедік», дейді. Бұл дегеніңіз екеуінің арасындағы қылаусыз сыйластықты, бір-біріне деген адалдықты білдірсе керек. Олар ел намысы үшін бір-бірін сақтай білді, тәкаппарлыққа берілген жоқ. Бір жылы «Динамоның» бабы келіспей, республика спортының жетекшісі аға жаттықтырушы Айрихтың орнына Байболовты тағайындамақшы болады. Сонда Қазбек Дәулетбекұлы: «Бұл өзгерістен еш пайда жоқ. Осыған дейін қалай жұмыс істедік, сол бағыттан айнымаймыз», деп кесімді сөзін айтыпты.

Қазбек Байболов 1968 жылдан бастап бапкерлікке қоса Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтының футбол және хоккей кафедрасының меңгерушісі қызметін жиырма жылдай қатар атқарды. Байболов студенттердің оқуы мен практикалық жұмысын тығыз ұштастырып отырды. Студенттер алғашқы курстан бастап өздері қалаған спорт түрінің жаттығу жүйесін, жаттығулардың орындалу барысын, оның адам ағзасына тигізетін әсерін жақсы білуге тиіс болды. Жаттығу кезінде қателік кетсе,оны қалай түзеуді студенттің өзі ізденіп табуға міндетті еді. Қазбектің талап етуімен үшінші курс студенттері курстастары алдында және орта мектептерде сабақ беретін. Оқу жоспары мемлекеттік стандартқа сай болуға тиіс. Сабақ оқыту өз алдына, шәкірттер сабақты бастан аяқ жазып отыруға міндетті болды. Соңынан олар сабақты жабылып талдауға көшетін.

Байболов студенттерді «Қайраттың», «Динамоның» ойындарына әдейі жіберіп, бір студентке шабуылшының, енді бір шәкіртіне қорғаушының, келесі студентке қақпашының ойынын талдап келуді тапсыратын. Шәкірттер алаңдағы футболшы не хоккейші ойын барысында қанша шақырым жүгірді, спортшының қанша пасы далаға кетті, оның командаға тигізген пайдасы қаншалықты болды, қысқасы, әр студент өзіне тапсырылған ойыншының бәсеке барысындағы бар қимылын хатқа түсіріп, саралап, талдап қайтатын. Содан кейін студенттер өзіне тапсырылған спортшының алаңдағы қимылы туралы көптің алдында есеп беруге тиіс. Оның есебін Қазбек Байболов бастаған ұстаздар ғана емес, курстас достары да бағалап, ойларын ортаға салатын. Осындай талқылаулар жастардың ой-өрісін кеңейтіп, олардың өз кәсібін жете білуіне жол ашты. Қазбек Дәулетбекұлы жақсы маман болу үшін студент жүйелі әрі сауатты сөйлей білуі керек, дегенді жиі айтатын.

Ол кісі институттағы ұлттық құрама мүшелерін еркелетпейтін. КСРО чемпионатындағы команда ойыншыларына арнайы тапсырма беретін. Олар Одақ чемпионаттарындағы қарсыластардың ойындарын талдап, сараптама жасауға тиіс болды. Тапсырманы шала орындайтын спортшыларға Байболов бәз біреулер тәрізді айқайлап, қадірін жоғалтпайтын. Оларды емтихан мен есептен қысып, қажетті пәндерді дұрыстап оқығанын қалаушы еді. Динамошылардың сабағына да қатты мән беретін. Өз командам деп, шәкірттеріне жеңілдік жасаудан аулақ болды.

Байболов көңілді кезінде Абай, Пушкин, Лермонтовтың өлеңдерін жатқа соғады екен. Сабаққа кіріспес бұрын жастарды сергіту үшін бірнеше минут қызық әңгіме, анекдот айтып, аудиторияны бір серпілтіп алады дейді замандастары. «Динамоның» сырттағы ойындарынан Алматыға оралған бетте шәкірттерін үйіне шақырып, әңгіме-дүкен құратын әдетін әріптестері мен шәкірттері әлі күнге дейін жыр ғып айтып отырады. Өнерге жақын болыпты. Серке Қожамқұлов, Камал Қармысов, Әзірбайжан Мәмбетов, Асанәлі Әшімов, ағайынды Мүсілім, Рашид Абдуллиндермен жақсы сыйласқан екен.

Байболов бірнеше қазақ жастарын Мәскеудегі Анатолий Тарасов мектебіне білімін көтеруге жіберіпті. Қазбек басқарған кафедра Кеңес одағындағы 25 футбол-хоккей кафедрасының арасында үздіктер сапында болды. Кезінде совет спортының қандай деңгейге жеткенін ескерсек, Қазбек Дәулетбекұлы басқарған ұжымның қызмет сапасын байыптау қиын емес.

Иә, қазақтың допты және көгалдағы хоккейдегі ең мықты бапкері Қазбек Байболов екені дау туғызбайды. Ол кісінің жаттықтырушы ретіндегі басты артықшылығы: әр жаттығуды алдағы ойынға лайықтап өткізетіндігі. «Динамоның» әр ойыншысы кезекті бәсекеде қарсыластың қай ойыншысына қарсы шығатынын жақсы білген. Яғни, «Динамоның» он ойыншысы қарсыластың он ойыншысының артықшылығы мен кемшілігінен хабардар болған. Жаттығу үстінде осының бәрі әбден сарапталып, екшеліп, әр шептегі ойыншы алдағы ойынға дайын тұрды. Қазіргі бапкерлер осы жағына мән бере ме? Үйренемін, жетілемін, дейтін жастарға Кеңес одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қазбек Байболовтың мұрасы мен тәжірибесі жетіп артылады емес пе! 

Қыдырбек Рысбек

Бөлісу

.