26 тамыз, Дүйсенбі

Қыдырғали Оңғарбаев: Мен үшін спорттың шыңы —  әлемдегі №1 болу

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr +

5 сәуірден кейін армрестлинг әлемі дүр сілікінді. Шетелдік БАҚ-тар «The MONSTERKILLER from Asia — Kydyrgali Ongarbayev», «Small guy DESTROYS big angry man! Everybody is shocked» деп тақырып қойып,  армспорты әлеміндегі жаңалықты сүйіншілеп жер-жаһанға тарата бастады. Неге дейсіз ғой? Себебі, 5 сәуір күні армрестлинг спортынан бұрын соңды болмаған,  көптен күткен ірі жарыстардың бірі «ТОП-8» сайысы өтті. Әлемнің ең үздік 8 білекті балуаны жиналған сайыс тосын сыйларымен жанкүейерлер есінде қалғаны анық. Әлемнің бірнеше дүркін чемпиондарын бір жерге тоғыстырған жарыста «The Surprise» лақап атымен танымал қазақстандық Қыдырғали Оңғарбаев та ұйымдастырушылар тарапынан шақырту алып, жарысқа қатысты. Ол тек қатысушы емес, кештің нағыз жұлдызына айналды.

Қазақстанда қол күрес спорты аталса, Қыдырғали Оңғарбаев дайындалатын «Шардара армспорты» клубының атауы бірге жүруі заңдылық. Себебі, Қыдырғали Оңғарбаевтың ұстазы Арман Қарсыбаевтың бастамасымен Түркістан облысы, Шардара ауданында орналасқан бір клубтан бүгінде армрестлингтен 34 әлем чемпионы, 41 әлем чемпионатының жүлдегері, 26 Әлем кубогының иегері, 262 Қазақстан чемпионы, 157 Азия чемпионы мен 128 Азия чемпионатының жүлдегері, 50 Азия кубогының иегері шыққан. Сондай-ақ, аталмыш мектепте 436 спортшы спорт шеберлігіне үміткер болса, 107 ҚР Спорт шебері және 70 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алған спортшыны тәрбиелеуде.

Қыдырғалиды қазақ жұрты бір қолымен 37 кореялық спортшыны жеңген армрестлинг шебері ретінде таниды. Ол 2015 жылы Кореяның Сеул қаласында «Үстел Королі» сайысына қатысып, қарсыластарының бәрін жеңіп, үстел королі атанған болатын. Одан кейін де Қыдырғали тоқтап қалған жоқ. Әлем чемпионатынан бөлек, Әлем кубогтары мен құрлықтық біріншіліктерді бағындырып, қатарластарынан оқ бойы оза шауып жүрді. Осы жақында жарыстан оралған жеңімпаз Қыдырғалиге жергілікті кәсіпкерлер автокөлік сыйға тартқанда, оны ұстазы Арман Қарсыбаевқа табыстап, тағы да азаматтық танытты.

«Ұстазды құрметтеу – шәкірттік парызым» дейді Қыдырғали бізге берген сұхбатында. Азаматтықтың бар қасиетін бойына жинаған Қыдырғалимен тілдесіп, омен жақын танысуға бел буған едік.

— Сұхбатқа келіскеніңе рақмет, Қыдырғали! Дәстүрлі сұрағымыздан бастасақ. Спортқа қалай келдің? Кім, не себепші болды?

Өздеріңіз білетіндей, Түркістан облысы, Шардара ауданы, Шардара қаласында қол күрес спорты өте жақсы дамыған. Мұнда ауданымыздың басым көпшлігі қол күрес шеберлері десем өтірік емес. Біздің спортқа баулыған ұстазымыз Арман Романұлының арқасында армрестлинг әлемімен таныстым. Арман ағайды спортқа келмей тұрып та танитынмын. Бір жерде тұрғаннан соң мені де қол күресіне баулып, шәкірттерінің қатарына қосты. Оның үстіне Арман ағай Шардарада шетелге шығып жүрген жалғыз адам болатын. Соған қатты қызығып жүріп, 13 жасымда қол күрес спортына келдім.

— Спортпен айналысып жүргеніңе 10 жылдан асыпты. Жалпы, спортта не түсіндің? Спорт саған осы уақытқа дейін саған не берді?

Спортқа келгелі көп дос таптым. Бір мақсат қойып, соған жетуді, талмай еңбектенуді үйрендім. Елді құрметтеп, нағыз патриоттың қандай болатынын түсіндім. Көк байрағымыздың көкте желбіреп, әнұранымызың әлемнің әр елінде шырқалғаны маған ерекше қуаныш сыйлайды. Кеудемді бір мақтаныш сезімі кернеп, ел атын шығаруды абырой санаймын.

— Бір сұхбатыңда «мақсатым – осы спорттың шыңына шығу» депсің. Сен үшін спорттың шыңы не? Шықтың ба?

Жоқ, әлі шықпадым. Мен үшін спорттың шыңы – салмақ дәрежесіне қарамай әлемдегі ең үздік, №1 спортшы болу. Қазіргі таңда мақсатыма қол жеткізу үшін бар күш-жігерімді салып, командамызбен еңбек етудеміз.

— Шықтың делік. Одан кейін не істейсің?

Спорт шыңына шыққан соң ұстаз жолын қуып,  қазақтың тағы бір батырын әлемге танытсам деген ниетім бар. Қазіргі таңда жарыс пен жаттығудан тыс уақытта шәкірт дайындап жүрмін. Мақсатым орындалған соң, өзім мені дайындаған мықтылар сияқты мен де бір спортшыны дайындап шыққым келеді.

— Жақында Малайзияда өткен ТОП-8 турнирі туралы айтсаң. Егер қателеспесем, саған жолдама соңғы уақытта келді. Сол туралы толық айтып берсең…

Кәсіби армрестлинг лигасы әлемнің ең мықты 8 спортшысын жинап, ТОП-8 турнирін ұйымдастырды. Бұл турнир жалпы 3 кезеңнен тұрады. Жеребе бойынша бірінші кезеңдегі қарсыластарымызбен күрестік. Енді екінші кезеңінде жеңімпаздар арасында өзара, жеңілген спортышалр арасында өзара жеребе тартылады да, тағы да сынға түсеміз. Одан кейін финалдық кезеңінде екі жұптың жеңімпаздары бір-бірімен кездеседі. ТОП-8 ережесі бойынша қатысушылар «Жеңімпаздар» мен «Үміткерлер» деп екі топқа бөлінді. Жеребе тартылып, бір-біріне қарсы күресетін болды. «Жеңімпаздар» құрамында Денис Цыпленков (Ресей), Леван Сагиншвили (Грузия), Геннадий Квиквиния (Грузия), Рустам Бабаев (Украина) болса, «Үміткерлер» қатарында Тим Бреснан (АҚШ), Дмитрий Турбин (Қазақстан), Алекс Курдеча (Польша) мен Евгений Прудник (Украина) тізімді толықтырды. «Жеңімпаздар» қатарындағы ресейлік Денис Цыпленков жарақатына байланысты, тағы бір спортшы грузиялық Геннадий Квиквиния Грузия спорт федерациясының ішкі келспеушіліуктеріне байланысты жарысқа қатысудан бас тартты. Геннадий Квиквиния бас тартқаннан кейін ұйымдастырушылар оның орнын басатын спортшыны іздей бастады. Кәсіби Армрестлинг Лигасының президенті Игорь Мазуренконың сөзінше, АҚШ армрестлинг шеберлері басқа спорт ұйымдарымен келісімшартқа отырып қойғандықтан, бұл жарысқа қатыса алмайтын еді. Сөйтіп, олар Азия мен Еуропадан кандитат іздеп, жарыстың басталуына  20 күннен аз уақыт қалғанда маған шақырту жіберді. Шыны керек, бұл турнирге қатысудың өзі мен үшін үлкен мәртебе болды.

— Еуропа мен Азия құрлығында қол күрес шеберлері жетіп артылады. Көздері неге саған түсті деп ойлайсың?

ТОП-8 жарысына қатысқандардың барлығы осыған дейін Әлем кубогына қатысып, іріктеліп алынғандар. Шарттарының бірі – Әлем кубогы турниріне қатысып, сол жерден жүлделі болу керек. Мен 2017 жылы өткен Әлем кубогына қатысып, абсолюттік салмақ дәрежесінде грузиялық Леван Сагинашвилиге есе жіберіп, күміс жүлдегер атанған болатынмын. Осы жарыстан бастап әлемдегі үздік армрестлинг  шеберлері қатарына ендім десем болады. Соның нәтижесінде кіл мықтылар қатысқан ТОП-8 жарысынан шет қалған жоқпын деп ойлаймын.

— Ал қарсыласың Алекс Курдеча екенін білгенде қандай сезімде болдың? Өзің айтқандай, қатысатыныңды жарыстың басталуына аз күн қалғанда білдің ғой. Оған қарсы тактика ойластырып, белгілі бір жоспармен жұмыс істеп үлгердің бе?

Алекс Курдеча Польшаның түйе палуаны, армрестлингтегі ең мықты балуандардың бірі. Бұған дейін омен жолым түйіскен жоқ. Оның күресімен таныс емеспін. Осы уақытқа дейін түрлі жарыстардан оның күресін көргеніммен, омен қалай күресу керегін білмедім. Жарыстың бірінші айналымында Алексті зерттедім. Оның күресін оқып, айла-тәсілдерін, тактикасымен таныстым. Сөйтіп, бірінші айналымда есе жібердім. Бірінші айналымнан кейін омен қалай күресу керегегін түсіндім де, одан кейінгі раундтарда жеңіске жетіп отырдым. 1:5 есебімен жарыс менің пайдама шешілді.

Айта кетерлігі, Алек Курдеча бойы 2 метрден жоғары, салмағы менен 50 келіге ауыр спортшы. Қарсыласым Алекс екенін білгенде қобалжу болғанымен қорқыныш болған жоқ.

— Армрестлинг спортының сарапшылары ТОП-8 турниріндегі ең тартысты кездесу семен Алеск арасындағы белдесу деді. Сен бұған не дейсің?

Біздің кезедсуімізден кейін армрестлинг әлемінің шулап кеткені рас. Бірінші этаптан кейін барлығы пікірлерімен бөлісіп, мені құттықтап жатты. Армрестлинг сарапшыларының айтуынша, ең қызық тартыс біздің тартыс болған. Оған әлемнің үзздік армрестлинг жұлдыздарды да келісті. Менен басқа спортшылардың барлығы қарсыластарын таза жеңіспен жеңгенімен, олардың жеңісі қалыпты саналды да, менің жеңіліп тұрып жеңісті тартып алуым, оның үстіне 50 келі салмақ жоғары қарсыласты оңай ұтқаным бәрін таңдандырды. Менің пошымыма қарап көбісі Алекске жеңісті беріп те қойған сияқты.

— Жарыс біткен соң Алекс шетелдік журналистерге берген сұхбатында сізді мойындағанын айтып, сізге сәттілік тіледі. Жалпы спорттан тыс уақытта қарсыластарыңызбен араласасыз ба? Қарым-қатынастарыңыз қандай?

Барлық спортшылармен сәлемім түзу. Тек жарыста қарсылас болғанымызбен, жарыстан тыс уақытта бір-бірімізге жылы шырай танытып, аға-іні болып араласа береміз. Спортшылардың мұндай қарым қатынасын қалыпты жағдай деп ойлаймын.

— Жарыста жиі қолданатын өзіңнің сүйікті әдісің қандай?

Мен үшін әрдайым жылдамдық маңызды. Және жоғары (вверх) күресу.

— Өзің қазақтың бетке ұстар азаматтарының бірісің. Көпке үлгісің. Ал сенің үлгі тұтатын спотшың бар ма? Кумирің кім?

Мен үлгі тұтатын спортшы, мен үлгі тұтатын азамат ол – менің ұстазым Арман Романұлы. «Шардара армспорт» клубындағы барлық спортшы мені өздеріне кумир санайды. Мен де біздің оқушылар сияқты үлкен ағаларыма қарап өстім. Кумирім де, үлгі тұтатын азаматым да ұстазым Арман Романұлы десем болады.

— Жаттығуға қанша уақыт бөлесің? Жалпы жарыстарға дайындықты қайда жасайсың?

Жаттығуға күніне міндетті түрде 4-5 сағатты бөлемін. Өзіміз тұратын Шардара қаласындағы «Шардара армспорт» клубында өткіземіз.

— Жалпы, кәсіби спортпен айналысқаныңа отбасың қалай қарады? Үйде сенен басқалар спортпен айналыса ма?

Әрине, бәрі бірауыздан қолдады. Әкем «бір істі бастаған соң, соңына дейін бар» деп, ақ батасын берді.

Жалпы отбасымызда төртеуміз. Әпкем, екі ағам және мен. Қазіргі таңда әпкемнің балалары, яғни жиендерім таэквондоға қатысып, түрлі жарыстарда топ жарып жүр. Ал өзімнің бауырларым спортта емес. Десе де, олардың маған демеу беріп, қолдаулары мені әрдайым шабыттандырады.

— Ал спорттан бөлек өмірде сен үшін не маңызды?

Отбасым. Одан кейін денсаулығым мен достарым, жақын туыстарым маңызды.

— Қазіргі таңда өз салмағыңда сен жеңбеген спортшы жоқ десе де болады. Осы күнге дейінгі жетістеріңнің сыры неде деп ойлайсың?

Жетістіктерім мен жеңістерімнің сыры – еңбек. Барлығын еңбектің арқасы деп білемін. «Еңбек етсең ерінбай, тояды қарның тіленбей» демекші, еңбекқор адам әрдайым еңбегінің жемісін көреді. Одан кейін, әрине, командадағы ауызбіршілік те маңызды. Сыйластық та үлкен рөл ойнайды. Еңбекқор командада ауызбіршілік, бірлік болған тұста ғана біз алмайтын қамал болмайды деп ойлаймын.

— Спортпен айналысып келе жатқаныңа он жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында «әттеген-ай!» деген кезің, яғни есте қалған жеңілісің мен сен үшін ең ерекше жеңісіңді атап өтші.

2011 жылы Алматы қаласында армрестилнгтен Әлем чемпионаты болды. Сол кезде мен үшінші орын алдым. Жүлдегерлер қатарынан көрінгеніммен үйдегі жарыста Чемпион болмауым маған қатты ауыр тиді. Ішім ашыды. Десе де, салым суға кетіп, жігерім жасыған жоқ. Жарыстан кейін қатеммен жұмыс істеп, бір жыл көлемінде тынымсыз дайындалып, бір жылдан кейін, 2012 жылы Бразилияда өткен Әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, Чемпион атанып келдім.

Ал есте қалған ерекше жеңісім – 2017 жылғы  Әлем кубогындағы күміс жүлдем. 2017 жылы өткен Әлем кубогында өз салмағымда бірінші орын алып, жеңімпаз атандым. Ал абсолюттік салмақ дәрежесінде бірінші рет қатысып, екінші орынға ие болған болатынмын.

— Әлемдік армрестлинг шеберлерінің рейтингі жүргізіліп отырады ма? Қазір рейтингте нешінші орындасың?

Армрестлинг шеберлерінің рейтингі әрдайым жаңарып отырады. Менің рейтингтегі орным қазіргі таңда белгісіз. Ол жыл соңында белгілі болады. ТОП-8 турнирінен кейін әлем рейтингінде көш бастағым келеді.

— Қателеспесем, қазір Әлем чемпионатына дайындалып жатырсыңдар. Ол қашан, қайда өтеді? Оған жолдама қалай беріледі?

Әлем чемпионаты күзде Румынияда өтеді. Қазақстан Чемпионаты Әлем чемпионатына іріктеу жарысы болып саналады. Тиісінше, жеңімпаз атанған спортшылар Әлем чемпионатының жолдамасына ие болады. Мамыр айында «Шардара армспорт» клубы Қазақстан Чемпионатында бірінші орын алып, Руминияда өтетін Әлем чемпионатына жерлестеріміз толық құраммен баратын болды.

Ал мен биылғы Әлем біріншілігіне қатыспаймын. Қазір біз қатысып жатқан ТОП-8 сайысының ережесі бойынша, аталмыш турнирге қатысып жатқан спортшылар жарыс аяқталғанша басқа жарыстарға қатысуға рұқсат жоқ. Оның себебін ұйымдастырушылар өзге жарыстар спортшылардың дайындықтарына кері әсерін тигізуі мүмкін, оның үстіне, жарыс барысында жарақат алып қалатынымыздан қауіптенетінін айтты. Сөйтіп, ТОП-8 турниірне қатысушыларына жарыс аяқталғанша басқа сайыстарда күресуге шектеу қойды.

Ал біздің ТОП-8 турниріміз күздің соңында, қараша айында аяқталады. Өздеріңіз білетіндей, І кезеңі – көктемде өтті. ІІ кезеңі – жазда, ІІІ кезеңі – күзге жоспарланған. ІІ кезең әзірге қайда өтері белгісіз. Ал финалдық кезең қарашада Польшада өтеді.

— Тұщымды жауаптарың үшін көп рақмет! Алдағы жарыстарыңа тек қана сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан: Әйгерім Тоқсанбек

 

Бөлісу

.