Соңғы жаңалықтар

Чемпиондар лигасы: «Ливерпуль» мен «Тоттенхэм» алғашқы ойында жеңіске жетті

Футболдан Чемпиондар лигасы ширек финалындағы алғашқы ойында «Ливерпуль» мен «Тоттенхэм» жеңіске жетті, – деп xабарлайды Qsport.kz порталы.

«Энфильд» стадионында өткен алғашқы ойында  «Ливерпуль» 2:0 есебімен  «Портудың» мысын басты. Ойынның 5 минутында Наби Кейта есеп ашты. Үздік ойынымен көзге түскен Роберто Фирмино 26 минутта екінші голды соғып, командасына жеңіс сыйлады. Қарымта ойын келесі аптада «Порту» алаңында өтеді.

«Тоттенхэм» мен «Манчестер сити» бір-бірінің осал тұсын аңдып ұзақ жүрді. Небір тамаша ұтымды сәттер болғанымен, голға айналмады. Бірінші таймда аргентиналық Серхио Агуэро пенальтиден мүлт кетті. Агуэроның тепкен добын Уго Льорис дәл тауып, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Лондонда өткен ойында «Тоттенхэм» өз алаңында «Манчестер Ситиді» 1:0 есебімен ұтты. 78 минутта Сон Хын Мин соққан гол «Тоттенхэмге» жеңіс сыйлады. Қарымта ойын келесі аптада өтеді.

Айта кетейік, бүгін түнде ширек финалдағы ойындар қайта жалғасады. Роналду бастаған «Ювентус» «Аякстың» осал тұсын іздесе, Месси бастаған каталондық «Барселона» Сульшер шәкірттеріне қарсы күш көрсетеді. Ойындарды түнгі сағат 01:00-де «Қазақстан» және «Қазспорт» арналарынан тамашалай аласыз.

Соңғы жаңалықтар