19 маусым, Сәрсенбі

Садриддин Ахмедов: Шаршы алаңда артымда күллі қазақ тұрғанын сезінгім келеді

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr +

Қазақ боксының жарқын болашағы саналатын Садриддин Ахмедов Алматыда өтетін жекпе-жегіне дайындығы мен қарсыласы туралы ойын Qsport.kz порталымен бөлісті.

WBC тұжырымы бойынша жастар арасында әлем чемпионы Садриддин «Қазақ сарбазы» Ахмедов  24 наурыз күні «Алматы арена» спорт кешенінде өтетін бокс кешінде сынға түседі. Индонезиялық боксшы Джон «Yohanes Ruba» Рубамен (17-5-1, 9КО) қолғап түйістіретін отандасымыз жекпе-жекке дайындығы мен қарсыласы туралы айтып берді.

– Қазақстанда дебюттік жекпе-жек өткізетіндіктен күн-түн демей еңбектеніп жатырмын. Қарсыласым да оңай шағылатын жаңғақ емес. Десек те, бұл кеште жанкүйерлеріме, күллі қазақ еліне ерекше шоу сыйлап, елімнің артқан үмітін ақтауға бар күшімді саламын. Мен үшін бұл жекпе-жектің орны бөлек, өйткені күллі қазақ халқының алдында жұдырықтасамын. Сондықтан шаршы алаңға шыққанда артымда күллі қазақ тұрғанын сезінгім келеді. Өйткені жанкүйерлердің қолдауы, қиқуға басуы ерекше күш-қуат беріп, руxыңды оятады. Сол оянған руx xалқыңа жеңіс сыйлап, еліңнің мерейін үстем етуге себепші болады. Қолдау көрсетуге келетін жанкүйерлеріме естен кетпес жекпе-жек сыйлауға уәде беремін.

Айта кетейік, Садриддин Ахмедов кәсіпқой бокста 7 кездесу өткізіп, барлығында қарсыластарын нокаутқа жіберген болатын. Ол соңғы жекпе-жегін Канада елінде өткізіп, мексикалық Абрахам «Питбуль» Хуаресті (13-1-0, 5 КО) 4 раундта нокаутқа жіберген болатын. Осы жеңістен кейін 86-орынға жайғасқан отандасымыз қазір 52-орынға көтерілді. Ал Джон «Yohanes Ruba» Руба қытайдың Головкині атанған Бейсен Нәсиоллаұлымен жұдырықтасып, жеңіліске ұшыраған. 

Бөлісу

.