Бокс

Садриддин Ахмедовтың қарсыласы туралы не білеміз?

«Қазақ сарбазы» индонезиялық боксшымен қолғап түйістіреді

24 наурыз күні «Алматы арена» спорт кешенінде өтетін бокс кешінде бірнеше қазақ боксшылары сынға түседі. WBC тұжырымы бойынша жастар арасында әлем чемпионы Садриддин «Қазақ сарбазы» Ахмедов бұл кештің басты жекпе-жегінің бірінде сынға түседі. Қазақ боксының жарқын болашағы саналатын Садриддин индонезиялық боксшы Джон «Yohanes Ruba» Рубамен (17-5-1, 9КО) қолғап түйістіреді. Осы орайда, отандасымыздың қарсыласының кәсіпқой бокстағы жетістіктері мен әлеуетін бағамдап көрдік.

– Джон «Yohanes Ruba» Руба 1993 жылы Индонезияның Сесо қаласында дүниеге келген. Кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 2013 жылы өзінің отандасына қарсы өткізіп, төрешілер шешімімен жеңген. Алғашқы 4 жекпе-жегінде жеңіске жеткен Руба бесінші кездесуінде жеңіліске ұшырайды. Дегенмен 6 жекпе-жегінде Индонезияның чемпиондық белбеуін жеңсе, 7 кездесуінде Индонезияның IBA ATI титулына ие болады. Осы екі белбеуден кейін WBC тұжырымы бойынша жастар арасында әлем чемпионы атағына таласып, жапондық Маруки Юсикеге есе жіберген. Руба он тоғызыншы жекпе-жегінде WBC Asia чемпиондық белбеуін жеңген. Бірақ қытайлық қандасымыз Бейсен Нәсиоллаұлыға қарсы өткізген жекпе-жегінде 8 раундта техникалық нокаутпен ұтылып, чемпиондық белбеуін қорғай алмаған. Индонезиялық боксшы соңғы жекпе-жегін 2018 жылдың қараша айында өткізген.

Айта кетейік, Садриддин Ахмедов кәсіпқой бокста 7 кездесу өткізіп, барлығында қарсыластарын нокаутқа жіберген болатын. Ол соңғы жекпе-жегін Канада елінде өткізіп, мексикалық Абрахам «Питбуль» Хуаресті (13-1-0, 5 КО) 4 раундта нокаутқа жіберген болатын.

Бокс