Соңғы жаңалықтар

Бақтияр Қожатаев: «Спорттан алшақтап, қол үзіп қалғым келмейді»

Шабандоз денсаулығына байланысты «Астананың» сапынан кеткен еді

Өткен жылдың соңына қарай еліміздің ең танымал велошабандоздарының бірі Бақтияр Қожатаев «Астана» командасымен қош айтысқаны туралы мәлім болды. Бұл спортшының денсаулығына байланысты қабылдаған шешімі болатын. Мұның жай-жапсарын велошабандоздың өзінен сұрауды жөн көрдік. Әрі еліміздегі велоспорттың бүгіні мен ертеңі жайлы да сөз қозғадық.

–Бақтияр, өзіңізге қойылатын алғашқы сұрақ, қазан айында командамен арадағы келісім шартты ұзартқан едіңіз. Ал ары қарай не болды? Шыны керек, кейін сіздің денсаулық жағдайыңыз туралы естіп жанкүйерлер әлі күнге дейін таңқалуда. 

– Иә, өткен жылдың қыркүйек айында «Астанамен» арадағы келісім-шартты тағы бір маусымға созған болатынмын. Ол кездегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Себебі, бұл ең алдымен менің кәсібилігіме және спорттағы мүмкіндіктеріме берілген үлкен баға деп білемін. Сосын Канадағы жа-рыстан, әлем чемпионатына дайындалу үшін Ниццада өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынына келіп қосылдым. Бәрі жақсы болатын, бірақ жаттығу кезінде күтпеген жерден есімнен танып қалдым. Осыдан кейін мені команда дәрігерлері ауруханаға жіберді. Басында мамандар инсульт деп қатты күдіктенді. Алайда, барлық сараптама нәтижелері оны жоққа шығарды. Ауруханадан қонақүйге келдім. Ертесіне команда дәрігерлері вело-тренажерде қайта бақылап көрді. Алайда, 18 минуттан кейін қайта басым айнала бастады. Артынша қан құрамынан ви-русқа тексеріс жасадық. Үйге келіп кардиологтың көмегіне жүгіндім. УЗИ жасады. Дәрігер қорытындыларды қарап сол жақ қарыншаның гипертрофиясы деген диагноз қойды. Өзіңіз де білесіз, спортшылардың жүрегі онсыз да қа-лыпты көлемнен үлкенірек болады. Ал менің жағдайымда бұл көрсеткіш тиісті нормадан асып түскен. Дәрігер үлкен спортпен қоштаспасаң, аяғы қиын болатынын ескертті. Ал бір аптадан кейін МРТ сараптамасын жасағанымызда УЗИ берген көрсеткіштерді жоққа шығарды. Осы нәтижені алып дәрігерге қайта бардым. Холтермен 48 сағат жүрдім, оның да нәтижесі көңілден шықты. Екі аптадан кейін Мадридке Испанияның ең мықты кардиологынан кеңес алу үшін жолға шықтым. Үлкен спортпен қоштасу туралы ойлау ол кезде менің жаныма қатты бататын жайт еді. Қатты уайымдадым. УЗИ-ге қайта түсірді. Ешқандай потология жоқ. Спортпен қоштасуға еш негіз жоқ екенін айтты. Міне, сол мезетте мына менен бақытты адам болмаған шығар. Испанияға келіп, еңбек демалысына шықпай жаттығуларды қайта бастадым. Бірақ қуанышым ұзаққа созылмады. Кальпе қаласына (Испания) команданың маусым қарсаңындағы жиынына келдім. Екі күннен кейін дәрігерлер ұзақ уақыт талқылаудан кейін менің келісім-шар-тымды бұзу туралы шешім шыққанын хабарлады. Дәрігерлердің соңғы сараптамасы жақсы болғанымен жүрекпен ойнауға болмайтынын, тағы сыр беріп жатса, кейінгі жағдай мүлдем басқаша аяқталуы мүмкін екенін айтып, отбасым үшін, өзім үшін, кәсіби мансаптан денсаулықты жоғары қою керектігін түсіндіргендей болды. Әрине мен үшін оңай шешім болған жоқ, бірақ  мен  ең алдымен денсаулығым мен үшін, отбасым үшін бірінші орында тұру керек екендігін жақсы түсіндім. Қазір біршама уақыт өткеннен кейінде осыны ұқтым. Команда менеджментіне де кінә арта алмаймын. Олар мен үшін жауапты. Ең бастысы дәл қазір денсаулығым жақсы. 

 – Ал қазір немен айналы­сып жүрсіз? Сол оқиғадан кейін тағы да тексерістен өтіп көрдіңіз бе?

– Сол жайттан соң ешқандай тексеруден өткен жоқпын. Дәрігерлермен де байла-нысқан емеспін. Менің бойымда ешқандай ауру да, емдейтін дерт те жоқ. Қазір өзімді тың, әрі сергек сезінемін.

– «Astana Pro Team» сапында қазақ­стандық велошабандоздардың саны жыл сайын артып келеді. Еліміздегі ве ­ло спорт тың дамуын қалай бағалар едің?

 –Түптеп кезгенде команданың ашылудағы басты мақсаты елдегі велоспорттың дамуына ықпал ету, оны күшейту екені аян. Енді міне, он екі жылдың ішінде барлық облыс орталықтары өздерінің велокомандасын құрып, жастармен тұрақты жұмыс істеп келеді. Бір сөзбен айтқанда, велоспорт бұқаралық спортқа айналып үлгерді. Бұл ең алдымен өз кәсібін сүй-ген шын мамандардың арқасы дер едім. Расында, бұл үлкен еңбектің жемісі. Мысалы, әлемдік турларда бақ сынайтын «Астана Pro Team» командасынан бөлек, үш жастар командасын, әйелдер құрамасын айтуға болады. Мәселен, соңғы Азия ойындарында тас жолдағы велоспортта Ұлттық құраманың екі алтын алғанын ұмытпаған боларысыздар. Одан бөлек, тректе, байк түрлерінде де жүл-десіз қалған емеспіз. Мысалы, жыл сайын үлкен мегаполистерде велошеру өткізу дәстүрге айналып келеді. Оның үстіне, қала ішінде көптеп арнайы веложолақтар салынып жатыр. Бұл жайт мені велоша-бандоз ретінде қуантпай қоймайды. Алайда, кемшіліктер де жоқ емес. Осы тұста көбіне балалар спортына дұрыс көңіл бөлінбей тұрған сияқты. Егер бәрі бастапқы сатыдан дұрыс жолға қойылса, нәтиже де тұрақты болатыны анық емес пе?! Мүмкін, бұл жерде бар мәселе қаржыландыруда да болар.

– Қазір командадағы қазақстандық шабандоздар мен шетелдік велоспорт­шылардың арасындағы қарым­қаты­насы қалай? Команда ішінде көбіне итальян тілінде сөйлесетіндеріңізді білеміз. Сонда алдын ала тіл үйренесіз­дер ме, әлде жұмыс барысында тіл та­бысып кетесіздер ме?

– Командадағы қарым-қатынасты өте жақсы деп бағалар едім. «Астанада» бәрімізге бірдей жағдай жасалады. Негізі мен командаға келгенде көбіне итальянша сөйлесетін, ал қазір ағылшын тілінде көбірек сөйлесеміз. Бірақ команда штатының басым бөлігі итальян мамандары. Командаға келер алдында арнайы тіл үйрендім деп айта алмаймын. «Конти» командасында жүргенде итальянша бірша-ма үйреніп қалғанмын. Жүре келе жақсы сөйлейтін деңгейге жеттім. Бірлік жоқ жерде — тірлік жоқ. Команда ішінде жанға жайлы атмосфера болмаса, барлығы бір мақсатқа жұмылмаса нәтиже шығару мүмкін емес. Оған команданың маусым басынан көрсеткен нәтижесі дәлел. Бәрі бір үйдің баласындай. Басшылықтың ұстанымы да жоғары.

– Жасыратыны жоқ, сырттан ко­мандада көбіне шетелдік шабандо­здарға көп көңіл бөліп жатқандай көрінеді, отандық спортшылар көлең­кеде қалып қойып жатқандай. Әрине көп жағдайда отандық велоспорттың деңгейін ескере бермейміз. Өзің қа­лай ойлайсың? «Астана Pro Team» сапында тер төккен жылдары Винченцо Нибалидей велоспорт жұлдыздарынан не үйрендім деп айтар едің?

– Кімнің де болсын өмірінде сынға ұшырамауы мүмкін емес. Әсіресе, мәселе ел намысын қорғайтын спортшыларға келгенде сынның түр-түрін естіп жататынымыз жасырын емес. Бір жағынан, жанкүйерлерді де түсінуге болады. Олар өз спортшымыздың, жерлестеріміздің көш бастап, жеңіске жеткенін қалайды. Команда сапынан шетелдіктерден гөрі өз спортшымыз гранд турларда жеңіске жетіп жатса, қуанышымыз екі есе бола-тынын сөзсіз. Бірақ «көш жүре түзеледі» дегенді де ұмытпаған жөн. Соңғы жылдары өзіміздің жас спортшыларымызда жиі-жиі бой көрсетіп келеді. Мысалы, Азияның үздік велошабандозы атанған Алексей Луценконың қарқыны күшті дер едім. Әлемдік гранд турларда да өзін команда лидері ретінде жақсы көрсетіп жүр. Алексейден бөлек, Евгений Гидичті, Жандос Бижігітов, Никита Стальнов сын-ды шабандоздардың есімі ойға оралады. Тек енді өсіп келе жатқан жастарға сенуіміз керек. Өйткені, велоспорт әлеміне аяқ басып, бір жылдың ішінде жеңімпаз атану мүмкін емес. Жұрт есімін жатқа білетін Нибали мен Сагандар бірден жеңімпаз атанып кеткен жоқ. Мысалы, Винченцо Нибали да көп жылдар бойы Иван Бассоның грегориі, яғни көмекшісі болып келді емес пе. Қазіргі олардың қол жеткізген атағы көп жылдар бойғы шүмектеп төккен тердің нәтижесі. Сондықтан, осы қарқынымыздан таңбасақ өз чемпиондарымыз да көз алдымызда қалыптасары анық. 2016 жылы Джиро д’ Италияға дайындық барысында Нибалимен бір топта болдым. Винченцодан үйренетін бір жақсы қасиеті бар десек, ол қандай жағдай болмасын сабырлы қалпынан айнымау деп ойлаймын. Кез келген жағдайда болмасын командаластарына деген зор сеніммен жарыс жолына шығатыны көрініп тұратын. Меніңше, оның көп жеңісі де осы мінезінің арқасында келген шығар. Дәл сол 2016 жылғы Джирода бәрі біз ойлағандай болған жоқ. Туринге екі күн қалғанда мүмкін көп шабандоз секілді қолды бір сілтеп, лимиттен шықпай тып-тыныш гранд турдың мәресіне жетер ме еді. Алайда, Винченцо көшбасшыға тән мінез көрсетті. Сол екі күндік аралықта жалпы есепте барлық қарсыласын артқа тастап жеңімпазы атанды. Өз ісінен нағыз ләззат алатын бірден бір велошабандоз деп Винченцо Нибалиді айтар едім. Міне, мен оның осы қасиетін бойыма дарытуға тырыстым. Артымнан еріп келе жатқан жас шабандоздарға да берер кеңесім осы.

– Деседе дәл қазіргі сәтте Гранд тур­ларда жүлде үшін таласқа түсе алатын қазақстандық велоспортшыларымыз бар деп айту қиын. Осы орайда, сенің «Джиро д’ Италиядан» кейін берген сұхбатың еске түсіп отыр. Сол кезде «2­3 жылдан соң мен де Гранд турларда жалпы есепте көшбасшы болуға тала­сатын боламын» дегенің бар еді…

– Дәл қазір қазақстандық шабандоздардан Гранд турлардың бірін жеңуге мүмкіндігі бар немесе жоқ деп ешкім дөп басып айта алмайтын шығар. Иә, ол сұхбат менің есімде. Расымен, екі-үш жылда Италия жеріндегі көпкүндікті ұтуға шамам жетеді дегенмін. Ол кезде менің мақсатым да сол болатын. 2016 жылы мен алғаш рет көпкүндік жарысқа қатыстым. Нәтижем де жаман болмаған сияқты. Өзімнің мүмкіндігімді саралап, шама-шарқымды байқағаннан кейін айтылған әңгіме еді. Сол кезде мен Гранд турда жеңіске жетуге барлық мүмкіндігім бар екенін сезіндім. Бірақ өздеріңіз көріп отырсыздар адамның ойлағаны, айтқа-ны бола бермейді ғой. Болар іс болды. Өкінішке қарай, мықты шабандоздармен иық тіресіп гранд тур жейдесіне таласамын деген мақсатым арман күйінде қалып қойды. Кім білсін, мүмкін маған басқа салада жеңіске жету бұйырып тұрған шығар. Өз басым қазақстандық шабандоздың әлемдік велоспорттың жұлдызы атануына шын жүректен тілектеспін. Тағы да айтарым, жастарға сеніп, үнемі қолдауды ұмытпау керек.

Өткен жылы ұлыңыз дүниеге кел­генін білеміз. Ұлыңызға Май деп ерек­ше ат қойыпсыздар…

– Иә, есімі шынымен де ерекше. Әйелім беларусь ұлтынан, ал мен — қазақпын. Мүмкін ешкімді ренжіткіміз келмеген болар. Басында бәрі таң қалға-нымен, кейіннен үйреніп кетті. Қазір ата-анамның, туған туыстарымның жанындамыз. Әрине, Испаниядан кейін біздің -30-40 градус аязға бірден үйреніп кетуіміз қиынға соқты. Оның үстіне отбасымызбен нағыз сары шұнақ аяз қысқан қыс уақытында келдік. Ұлым өмірінде бірінші рет қар көргеніне қарамастан жатырқаған жоқ. Енді міне, бұл күндері үйге кіргізе алмаймыз.

– Сіздің жұбайыңызда велоспортшы екенінен, «Astana ­ Pro Team» әйелдер командасының сапында өнер көрсет­кенінен хабардармыз. Екеуіңіздің қа­лай танысқандарыңыз есіңізде ме?

– Иә, менің жұбайым кәсіби велоша-бандоз болған. Соңғы жылдары «Astana Wоmen Team» командасының мүшесі болды. 2014 жылы мен «Астанамен» келісім-шартқа отырдым. Кейіннен визамен аздаған қиындықтар туындап, алғашқы жаттығуларымды Түркияда Мақсат Аязбаевпен бірге «Астана Конти» командасында өткіздім. Міне, сол кезде жұбайымды алғаш рет көрдім. Шынымды айтайын, басында қасына барып, танысып, сөйлесу маған қиынға соқты. Бір ай-бір жарым ай өткеннен кейін оны әлеуметтік желіден тауып алып, сөйлесе бастадық. Ал 2016 жылы Италияда «Страда Бьянка» жарысында ол маған жанкүйер болуға арнайы келіпті. Сол жылдың 5 наурызынан бастап екеуміздің арамыз үзілген емес. Қазір ұл тәрбиелеп отырған бақытты отбасыға айналдық.

– Қазірдің өзінде сенің есімің қа­зақ велоспортының тарихына Гранд турлар мен Олимпия ойындарына қа­тысқан тұңғыз шабандоз ретінде енді. Енді бапкерлік жолыңды туған жеріңде жалғастыру ойда бар ма?

– Осы күндері спорттық мансабым-ды еске алсам, 26 жасымда екі Гранд тур – «Джиро д’Италия» мен «Тур де Франсты» артта қалдырыппын. Олимпия ойындарына қатыстым. Әрине, тәжірибе жеткілікті. Дәл қазір алдағы күндерге жоспар құрған жоқпын. Алайда, өз жинағанымды қазақстандық шабандоздарға үйретуден тартынып қалмаспын. Ең бастысы, спорттан алшақтап, қол үзіп қалғым келмейді. Дегенмен, барлығын уақыт көрсетеді. Ештеңе болжағым келмейді. Бірақ Қазақстан велоспортының дамуына өз үлесімді қосқым келетініне күмәныңыз болмасын.

Дина ТҰРАРҚЫЗЫ

Шамкен БАЙЫРБЕК.

(«Қазақ спорты» газеті, 12 наурыз 2019ж

Соңғы жаңалықтар