Басқалары

Астанада қазіргі бессайыстан Әлем кубогы өтеді

Depositphotos

21-24 маусым күндері Астанада қазіргі бессайыстан Әлем кубогының финалдық бәсекесі өтеді, – деп хабарлайды Qsport.kz порталы ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Спорттың бұл түрінен ірі көлемдегі бәсекені елордамыз алғаш рет қабылдамақ. Олимпиаданың негізін қалаушы, барон Пъер де Кубертеннің қолдауымен әлемге танылған қазіргі бессайыс додасының елімізде өтуі спорт әлеміндегі Қазақстанның абыройын тағы бір арттыра түспекші. Айтулы дода Астананың 20 жылдық мерейтойына орайластырылған.

Қазіргі бессайыс – шпагамен семсерлесу, суда жүзу, жүгіру, атпен өнер көрсету және лазерлі тапаншамен атудан құралатын бес спорт түрінің басын біріктірген. Демек, бессайыспен шұғылданатын спортшының бесаспап болуы түсінікті жағдай. Спорттың бұл түрінен Қазақстанның бай тарихы бар.

Атап айтар болсақ, 1982 жылы әлем чемпионатында командалық есеп бойынша біздің спортшылар алтын медаль иеленді. 1996 жылы Римде өткен әлем біріншілігінің алтынына сол жылы Атланта Олимпиадасында Александр Парыгин жеңіп алған чемпиондық атақты да қосыңыз. Бұл деректердің барлығы Қазақстанның қазіргі бессайыс тарихында алар орны айрықша екенін көрсетеді.

Астанадағы Әлем кубогының финалына 23 елдің спортшылары қатысады. Нақтылап айтар болсақ, әлемдік рейтингтегі үздік 36 ер спортшы мен 36 әйел адам финалдың көркін қыздырмақ. Қазақстанға келетін танымал спортшылардың қатарында 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы, ресейлік Александр Лесун бар. Сондай-ақ әлемдік додаларда үздіктер қатарынан көрінетін Оңтүстік Корея, Германия, Венгрия құрамалары да ең мықты деген спортшыларын алып келеді.

Қазақстан құрамасы тарихта тұңғыш рет бессайыстан Әлем кубогының финалдық кезеңіне үш спортшысын қатыстыру мүмкіндігіне ие болып отыр. Биылғы маусымда отандық бессайысшылардың жоғары нәтиже көрсетуі Павел Ильяшенко, Владислав Сухарев және Елена Остапенконың ақтық сынға өтуіне себепкер болды.

Сәуір айында Мысыр астанасы Каирде өткен бессайыстан Әлем кубогының кезеңінде ұлттық құрама үздігі Павел Ильяшенко қола медаль жеңіп алды. Ал аралас эстафетада Владислав Сухарев пен Елена Остапенко жұбы үздік үштікке енді. Бұл жетістіктер еліміздегі қазіргі бессайыстың қарқыны жаман еместігін байқатады. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінге дейін Қазақстандағы бессайысшы қыздар әлем кубогының финалына қатысып көрмеген. Ал аралас эстафетада сәтті өнер көрсеткен Елена Остапенконың биылғы ақтық сында өнер көрсетуі оның тәжірибесін арттырып, шыңдала түсуіне жол ашатыны сөзсіз.

Қазіргі бессайыстан команда жетекшісі Оксана Дмитриенконың айтуынша, Астана финалды өткізуге толығымен дайын.

«Әлем кубогының финалына дайындық жоғары деңгейде өтуде. Біз дайындық барысында қазіргі бессайыстан Халықаралық федерацияның нұсқауларына құлақ түреміз. Яғни, барлығы халықаралық ұйымның талабына сай болуы тиіс. Қуанышқа қарай, бізде жарыс түрлерін қабылдайтын спорттық нысандардың барлығы талапқа сай. Тек бір ескеретін жайт, спорттың бұл түрі бізде аса танымал емес. Бас қаламызда финалдық кезеңнің өтуі еліміздегі жанкүйерлердің қызығушылығын арттырады деп үміттенеміз», — дейді О.Дмитриенко.

Астанадағы бессайысшылар бәсекесі «Сарыарқа» велотрегі мен «Барыс аренада», сонымен қатар «Қазанат» ипподромында өтеді.

Әлем кубогының финалында Қазақстан спортшылары жүлдеге іліге ме деген заңды сұрақтың туындайтыны сөзсіз. Оксана Дмитриенко медальға біздің спортшылардың да таласы бар екенін жоққа шығармайды. Тек, сәттілік пен шеберліктің ұштасуы маңызды рөл ойнамақ.

«Мүмкіндік қашанда бар. Тек бір нәрсені ұмытпауымыз керек. Қазіргі бессайыста барлық мәселе, яғни, жүлденің тағдыры атпен өнер көрсетуде шешіледі. Спортшы жарысқа қатысатын тұлпарды тек 20 минут бұрын көре алады. Яғни, жануармен тіл табысып, икемге келтіруіне 20 минут қана уақыты бар. Егер осы сыннан жақсы өтсе, жүлдеге таласатын мүмкіндік көп. Ал семсерлесу, суда жүзу мен жүгіруден қанша ұпай жинасаң да, атпен сәтсіз өнер көрсетсең, медальдан үміт үзуге болады», — дейді Дмитриенко.

Әлемдік рейтингте Қазақстан спортшылары алғашқы отыздыққа еніп тұр. Ерлер арасында Павел Ильяшенко 22-орында тұрса, қыздар арасында Елена Остапенко 20-сатыда. Ал аралас эстафета бойынша Қазақстан құрамасы рейтингтің екінші орнын иеленген.

Қазіргі бессайыстан Астанадағы Әлем кубогының финалдық кезеңін «Қазспорт» арнасы тікелей эфирден көрсетеді. Ал жанкүйерлер үшін кіру тегін.

Пікір жазу

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Басқалары