Бокс

Жәнібек Әлімханұлы: Жанкүйерлерім тек Қазақстанда емес, бүкіл елде болғанын қалаймын

qsport

Жәнібек, көпшілік сені келесі олимпиададан көреміз деп үміттеніп еді. Бірден әуесқой бокстағы мансабыңды аяқтап, кәсіпқой боксқа ауысуыңа не себеп болды?

Олимпиаданың алтыны әр боксшының арманы. Бірақ оқушы бастауыш сыныптан соң жоғары сыныпқа өтіп, 11-сыныпты бітірген соң білімін арттыру үшін университетке түсетіні сияқты бокстың да сондай өз мектебі мен деңгейі бар. Жастар қатарында жұдырықтасып тәжірибе жинап, ересектер сапына өтесің, одан ел біріншілігіне қатысып өзіңнің мықты екеніңді дәлелдейсің, сосын азия ойындары мен әлем чемпионатында өнер көрсетесің. Оны ұтсаң алдыңда олимпиада күтіп тұрады. Аллаға шүкір, осы деңгейдің барлығынан өтіп, шыңдалдым. Тәжірибе жинадым. Енді кәсіпқой боксқа ауысатын уақытым келді. Ары қарай шыңдалып, боксшы ретінде өсуім керек. Өмірімді боксқа арнаған соң, оны жоғары деңгейде меңгеруім қажет. Тайсон мен Мейвезердің тек Америкада емес, бүкіл әлемде жанкүйерлері бар. Себебі, олар өз саласының нағыз маманы болды. Мен де сол биікке жеткім келеді. Жанкүйерлерім тек Қазақстанда емес, бүкіл елде болғанын қалаймын.

Қазір қазақстандық кәсіпқой боксшылар әр елде жаттығып жүр. Бірі Канадада, бірі Англияда, біразы Американың әртүрлі штатында. Қайда барып жаттығу жасайтыныңды шештің бе?

Кәсіпқой бокстың отаны Америка болған соң, сол елге барамын деп шешіп отырмын. Себебі мықты боксшылар, чемпиондары көп бапкерлер, әлемге бокс шоуын көрсететін телерналардың барлығы Америкада.

Жәнібек, әуесқой бокста олимпиаданың алтынынан басқа алтынның барлығын алдың. Сонымен қоса, кәсіпқой бокста екі жекпе-жек өткізіп үлгердің. Екеуі де жеңіс. Шетелдік промоутерлерден ұсыныс түсіп үлгерген шығар? Нақты кіммен жұмыс істейтінің белгілі ме?

Танымал промоутерлік компаниялардан, менеджерлерден әртүрлі ұсыныс айтылып жатыр. Қазір командаммен отырып, барлығын асықпай қарап жатырмыз. Промоутер мен менеджер таңдауда қателескім келмейді. Себебі дұрыс промоутерге жолықпаған боксшылардың басқаға кете алмай, өсе алмай қиналып жүргенін жақсы білемін. Чемпион болу үшін боксшының дайындығынан бөлек, үлкен шоу өткізе алатын мықты промоутер мен чемпиондық белбеуге жұдырықтасуға жағдай жасайтын мықты менеджер керек екені белгілі. Жақсы нәтиже көрсету үшін, промоутер мен менеджерді асықпай таңдауым керек. Мүмкін 1-2 айдың ішінде жаңалық болып қалар.

– Қай салмақта өнер көрсетесің? Болашақ қарсыластарыңды зерттеп үлгердің бе?

76 немесе 79 келіде шығар. Нақты қай салмақ екенін жаттықтырушымен, диетологпен ақылдасып таңдаймыз деп отырмын. Егер барлығы жақсы болып тұрса, 72 келіге де жұдырықтасуым да мүмкін. Болашақ қарсылас дейсіз бе? Иә, мен айтқан салмақта мықты боксшылар көп. Қазақ: “Алынбайтын қамал жоқ” – дейді ғой. Жақсылап дайындалсақ барлығын жеңуге болады. Мен кәсіпқой боксқа бір белбеу немесе бір салмақтың барлық чемпиондық белбеуі үшін емес, бұйыртса бірнеше салмақта әлем чемпионы болу үшін ауыстым. Бұл арманым емес, мақсатым. Осы жолда аянбай еңбек ететін боламын.

Пікір жазу

Пікір жазу

Сіздің e-mail жарияланбайды. * толтыру міндетті орындар.

Бокс