Бокс

Садриддин Ахмедовтың кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегінің мерзімі анықталды

Қазақ боксының жарқын болашағы саналатын Садриддин Ахмедовтың кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегінің мерзімі анықталды, – деп хабарлайды Qsport.kz порталы.

69 келі салмақ дәрежесіндегі еліміздегі ең үздік боксшылардың бірі — Садриддин Ахмедов  Eye of the Tiger Management промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырып, алғашқы жекпе-жегінің де уақытын белгіледі. Бұл туралы спортшы  Qsport.kz сайтының тілшісіне айтып берді. Ол өз сөзінде: «Енді жаттығуымды Канада пысықтаймын. Алғашқы жекпе-жегімнің де уақыты белгілі болды. 7 сәуір күні мексикалық, тәжірибелі Уальдо Рохасқа қарсы жекпе-жек өткіземін. Алғашқы кездесуім 72 келі салмақта болмақ. Қарсыласым шаршы алаңда 6 жекпе-жек өткізіп, 4 рет жеңіс тұғырынан көрінген. Алла қаласа, жанкүйерлерімді жарқын жеңісіммен қуантып, еліміздің абыройын асқақтатамын деген сенімдемін», – деді Ахмедов.

Айта кетейік, Садриддин Ахмедов 69 келіде ел намысын қорғайтын Қазақстандағы ең үздік былғары қолғап шеберлерінің бірі. Отандасымыз 2016 жылы жастар арасында өткен әлем чемпионатында үш қарсыласын нокаутпен ұтып, ел қоржынына жалғыз алтын жүлдені салған болатын. Ахмедов шаршы алаңда 252 жекпе-жек өткізіп, 242 рет қарсыластарынан басым болған.

Пікір жазу

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Бокс