Соңғы жаңалықтар

Қанат Ислам: Маған атағы жоқ қарсыластар қызық емес

Кәсіпқой рингте 25 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетіп, 20 кездесуін нокаутпен ұтқан QAZAQ Forbes журналына берген сұхбатында алдағы жоспарларымен бөлісті, – деп xабарлайды Qsport.kz порталы.

– Қазақстандық жанкүйерлер Қанаттың кезекті бәсекесін асыға күтуде. Қарсылас белгілі ме? Қанат кіммен қолғап түйістіруді жоспарлап отыр?

– Жанкүйерлерім сияқты мен де өз жекпе-жегімді асыға күтіп жүрмін. Шаршы алаңға шықпағаныма 6 айдан асып кетіпті. Себебі де жоқ емес. Бұрынғы промоутерім Нелсон Лопезбен келісімшарт аяқталып, басқа білікті мамандармен жұмысты ары қарай жалғастыру керек болды. Көп промоутерлерден әртүрлі ұсыныстар келіп түсті. Соның барлығын қарап, ойланып шешім қабылдау үшін біраз уақытымыз кеткені рас. Жақында ғана жаңа менеджермен келісімшартқа отырдым. Бұйыртса жазға дейін Америкада бір жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырмыз. Қарсылас пен жекпе-жек уақыты алдағы бір аптада белгілі болады.

– 2017 жылдың ең үздік менеджері атанған Эгис Климаспен жұмыс бастағаныңды білеміз? Атақты менеджермен келісім қалай жасалды? Оны таңдаудың басты себебі неде?

– Эгис Климас үш бірдей әлем чемпионы Ломаченко, Ковалев пен Усиктің менеджері. Осының өзімен-ақ оның деңгейін өлшей беруге болды. Ковалев Андре Уордтан жеңіліп, барлық белбеулерінен айырылып қалған кезде Эгис оған қайта чемпиондық жекпе-жек ұйымдастырып берді. Ковалев қайта чемпион болды. Мұны екінің бірі істей алмайды. Менің мақсатым – әлем чемпионы болу. Ал үлкен бокс кештерінде чемпиондық жекпе-жек ұйымдастыруды, келіссөздер жасауды Эгис өте жақсы біледі. Ойымыз бір жерден шығып, екеуміздің де мақсатымыз чемпиондық белбеу болған соң тез тіл табысып кеттік. Бұйыртса биыл әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырмыз.

– Қанат Ислам кімдермен қолғап түйістіргісі келеді, кімдермен рингке шығуға әзір?

– Мен кез келген чемпионмен жұдырықтасуға кеше дайын болғанмын, бүгін де дайынмын, ертең де дайын боламын. Маған атағы жоқ не белбеуі жоқ қарсыластар қызық емес. Әлемге өзін мойындатқан мықтылармен ғана кездескім келеді. Менеджеріме де осы сөзді айттым. Мықтыны жеңсең ғана мықты болсың. Чемпионды ұтсаң ғана чемпион боласың.

– Америкада промоутерлік компания ашқаныңыз туралы естідік. Бұл ақша табудың көзі ме әлде бізге беймәлім басқа да қажеттілігі бар ма?

– 10 күн бұрын ғана Америкада QAZAQ promotions промоутерлік компаниясын аштық. Қазақстанда бұл компания екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Екі бірдей бокс кешін өткіздік. Бірі 2016 жылы Алматы қаласында, Алматы арена спорт кешенінде ұйымдастырылса, 2017 жылы ЭКСПО көрмесі аясындағы бокс кешінің куәсі болдыңыздар. Қаншама қазақ боксшылары жарқырап ел алдына шығып, өнерін көрсетті. Міне, менің мақсатым осы. Америкада өзіммен берге, бір бокс кешінде інілерімнің де жұдырықтасып, танылып, белес бағындыруын қалаймын. Промоутерлік компаниямды да осы мақсатта аштым. Мүмкіндік барда, қолда тұрғанда неге жасамасқа?! Америкада украиндықтар, мексикалықтар өздерінің боксшыларына барлық жағдайды жасап қойған. Қайда жаттығамын, қай шоуда жұдырықтасамын деп бас қатырмайды. Ал біздің кей жігіттер алаяқ промоутерлерге алданып, әлі жекпе-жекке шыға алмай жүр. Оларға қарайласатын, жол көрсететін біреу керек қой. Оны мен істемесем, кім істейді? Інілеріме жол көрсету менің міндетім деп есептеймін. Алдымен өзімді жарылқап алайын, каръерам аяқталған соң кірісемін деп тастап қойсам, оларға кім бағыт көрсетеді? Тағы да алаяқ промоутерлерге алданып жем болады емес пе? Қазір сөзбен емес, іспен көмек көрсетудің заманы.

– Әлемдік деңгейдегі бокс кештері үлкен қаражатты талап етеді. Ұйымдастыру, жарнамаға, трансляция т.б. Қаражат мәселесі қалай қарастырылады? Демеушілер бар ма?

 – Қазір әлемдегі ең ірі промоутерлік компаниялармен серіктестік орнатып жатырмыз. Айта кетсем, QAZAQ promotions пен Main event промоутерлік компаниясы бірігіп үлкен шоулар өткіземіз деп, Кефи Дувамен келістік. Сондай-ақ TOP RANK промоутерлік компаниясының иесі, атақты промоутер Боб Аруммен жүздесіп, бокс кештерін бірлесе өткізуді жоспарладық. HBO телеарнасының директоры Питер Нелсонмен сөйлестік. Біздің елде бокс бірінші орындағы спорт. Оны шетелдіктер жақсы біледі. Қызығушылықтары да өте жоғары деңгейде. Бұйыртса, алда атқарылар жұмыс көп. Командамызға да кіл білікті мамандар жиналған. Ал демеушілер жағын мен уайымдамаймын. Елімізде ұлттық мүддені бірінші орынға қоятын ағаларым көп. Америкада да бокс кешін өткізуге, QAZAQ promotions-қа қаржылай қолдау көрсететін мүдделес демеушілер табыларына күмәнім жоқ.

– Жалпы Қанаттың бокстан тапқан табысы қандай, қаржысын қайда инвестициялайды?

 – Шынымды айтсам, кәсіпқой бокста әлі бір жерге инвестициялайтындай ақша тапқаным жоқ. Осы уақытқа дейін жекпе-жектерімді демеушілердің қолдауымен өткіздім. Кәсіпқой бокста шығын өте көп. Жекпе-жекке 3 ай бұрын дайындаламыз. Америкада тұру, жаттығу, спарринг қарсыластар мен жаттықтырушы қаржысы, дәрігерлер мен арнайы витаминдерге көп қаражат кетеді. Чемпиондық титулдан соң бәлкім, бұл сұрағыңызға басқаша жауап берермін. Сол күнге жетейік.

 – Қазір жаттығу қалай жүріп жатыр? Қайда жүріп жатыр? Қазіргі күн тәртібі қандай?

  – Қазір Американың Калифорния штатындағы Окснард қаласындамын. Менеджерім Эгис Климастың Boxing Laboratory бокс залында бір мезгіл жаттығып жүрмін. Қарсыласым нақтыланған соң екі мезгіл жаттығуға кірісемін. Жеңісті күндеріміз көп болсын!

Сұхбат forbes.kz  сайтынан көшіріліп басылды

Пікір жазу

Пікір жазу

Сіздің e-mail жарияланбайды. * толтыру міндетті орындар.

Соңғы жаңалықтар